Австрияда танымал жапон блогері Юдзи Натсума «ҚР туризмі елшісі» мәртебесін иеленді. Құрметті миссия оған елімізді әлемге танытудағы үлесі үшін табысталды. Белгілі полиглот қазақ тілін меңгерген және әлемнің түкпір-түкпіріндегі өз оқырмандарын Қазақстанның бай мәдениетімен және табиғатымен танысуға шабыттандырады.
Блогер ұлттық дәстүрлерге және қазақстандық шоколадқа ерекше көңіл бөледі. Юдзи оларды өзінің әлеуметтік желілерінде (yuji_beleza) белсенді түрде дәріптейді.
Венада тұратын жапон блогері Юдзи Қазақстанда 3 рет болған. Ол Kazakh Tourism ұйымдастырған ақпараттық турларға да қатысты. Бұл сапарлар оған Қазақстанды тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.
«Мен үшін мұндай жауапты миссияны қабылдау – үлкен мәртебе. Одан көбірек контент жасап, Қазақстанның және қазақ халқының сұлулығын көрсетуге тырысамын», — деп өз ойымен Юдзи бөлісті.
Атап өткен жөн, 2018 жылдан бастап Kazakh Tourism «ҚР туризм елшісі» бағдарламасын жүзеге асырады. Оның мақсаты — Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету және әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылардың назарын еліміздің табиғи және мәдени байлығына аудару.
Kazakh Tourism Баспасөз қызметі