Туризм – туған жерді тану тетігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық туризмді дамыту үшін елімізде бірегей орындар жеткілікті екенін айтқан болатын.

Бұл орайда, Түркістан облысында экологиялық туризмге сұраныс артып келеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.

Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары көбейген. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.

«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған. 2021 жылы Кентау қаласынан қорыққа дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Хантағы ауылынан 8 шақырым жолға тасжол төселді.

Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр. Бұл ретте, демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады. Атап айтқанда, былтыр Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, бүгінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген.  Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген.

Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар өтпек. Атап айтқанда, 15-16 шілдеде халықаралық Eagles of Turkistan конкурсы, 22-23 шілдеде «Түркістан таулары» белсенді экологиялық туризм іс-шаралары, ақпараттық турлар ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, биыл күзде, яғни 5-6 қыркүйек күндері Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен сегізінші отырысын өткізу көзделіп отыр. Аталған іс-шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістан облысының туристік әлеуетін ВВС телеарнасынан көрсету жоспарланып отыр. Осылайша, халықаралық телеарна арқылы Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі туристік нарықтарға таныстырылмақ.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылып отыр. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл ретте, нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарланған.

Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілмек.

Нұрдәулет Медеуов,

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы