Нашақорлық бүкіл әлемнің бас ауруына айналған актуалды тақырып. Онымен күрес сан жылдардан бері жүргізіліп келе жатса да жегі құрттың қоғамнан жойылар түбі жоқ. Керісінше оған тәуелділер саны азаймай отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы елімізде синтетикалық есірткіні тұтыну деректері артқан. Соңғы 3 жылда айналымнан алынған «синтетика» көлемі 10 есе өскен. Мұның себебін мамандар, синтетикалық препараттар жыл сайын арзанырақ және қолжетімді болуынан деп түсіндіреді. Осыған орай Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында ашық есік күні өтті. Жиынға колледж студенттері мен қала тұрғындары қатысты.
Қызығушылық танытқандар арнайы мамандардың қабылдауында болып, кеңес алды. Жалпы жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам оқушылар мен студенттерді қамти отырып, 3,5 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Ағымдағы жылдың басынан бері елімізде 2 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл сайын нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу мәселелері бойынша БАҚ өкілдерімен де жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, медициналық мекемелердің бірігуімен аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар өткен.
Нашақорлық дегеніміз-психикалық және физикалық функциялардың ауыр бұзылуына әкелетін есірткіні жүйелі түрде қолдануға деген құштарлық, тәуелділік. Жасөспірімдер арасында нашақорлыққа әкелетін негізгі себептердің бірі: жақын адамдардан сүйіспеншілік пен назардың болмауы; қызығушылық.
Есірткіні қолдану белгілері
1.терінің бозаруы және құрғауы
2.қарашықтың ұлғаюы
3.көздің қызаруы
4. вестибулярлық аппараттағы бұзылулар (алкогольдің иісі жоқ, бірақ адам дірілдейді)
5. көшеде оралған кезде киімдегі оғаш иістер немесе дақтар
Есірткіге тәуелділіктің бірден-бір себебі отбасындағы тәрбиенің дұрыс берілмеуінен деп есептейтін Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев жиында Профилактикалық сипаттағы шаралар кешені маңызды бағыт болып саналады. Бүкіл әлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес әрбір тұрғыны қарсы күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімін табады. Нашақорлық қасіреті туралы қаншама айтылып жүрсе де, азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыз күреспей, бірлікте жұмыла күрессек, алынбас қамал жоқ, — деді бас дәрігер. Жиында студенттер дәріс тыңдаудан бөлек, емделіп, тәуелділіктен айрылған азаматтармен де тілдесті. Олар өздерінің қате басқан қадамдарын айта келе, өмірден опық жегендерін, сондықтан, бұндай қадамға бару болашақтарына балта шапқандықпен бірдей екендіктерін жеткізді.