«Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Осыған орай мектептерде есірткіге қатысты түрлі іс-шаралар көптеп өткізілуде. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде қалалық білім ошақтарында түрлі семинар, дәрістермен дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Біз күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, салауатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенеміз. Осы ретте Түркістан қаласы Қазыбек би атындағы мектепте құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда «Жастар арасындағы нашақорлық» тақырыбында іс-шара болып өтті. Шараның мақсаты есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту мақсатында қалалық ардагерлер кеңесі мен әкелер мектебінің мүшесі Искаков Қалқабек мырзамен 9-сынып жетекшісі Оразбеков Ерденнің ұйымдастыруымен болып өтті. Өзін-өзі басқару ұйымының спорт фракциясының жетекшісі Алмасов Үсейн нашақорлықтың зардабы мен адам өміріне залалы туралы жинақтаған ақпаратымен бөлісті. Арнайы бейнебаян мен жинақтаған материалдарымен бөліскен, көкейдегі сұрақтарға жауап табылған басқосу болды.
Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Бұған дәлел күн сайын әр-түрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жәйлі ақпарттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне — мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.
Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді
Нашақорлық – есірткі заттарына паталогиялық құмарлық. Нашақорлық– бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық–жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады: өзінің адамгершішік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді.
Есірткілер немен қауіпті?
Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және Заңға қарсы қояды, олардың болашағы жоқ. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы 2-3 жыл.
Нашақорлық қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде заң сақшылары нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керек. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе ол сенің өмірің. Сенің өмірің ол өз қолыңда.
Олай болса достар, денсаулығымызға зиян келтіретін нәрселерден, жаман әдеттерден аулақ болайық. Адам баласының жаман әдеттерден аулақ болуы ол өзін-өзі тәрбиелей білуі, өз денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы деп есептеймін. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болатын ол қазіргі жас ұрпақ, сол мемлекетімізді биік шыңдарға жеткізу, халқына қызмет ету тек қана дені сау жастарымыздың қолынан келеді.
Нашақорлық туралы қаншама айтылып, көрсетіліп жүрсе де, оның азаймағаны рас. Сондықтан бұл дертпен жалғыздықта күреспей, ел болып,халық болып біріге күрессек ғана оның алдын ала аламыз. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екі талай, себебі есірткі дүние есігін әлі ашпаған,іште жатқан сәбидің ағазаларың улайды, сондықтан жастар ойланайық, болшақ ұрпағымыздың өміріне балта шаппайық.
Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу,оның алдын алу — біздің қолымызда, себебі біздер жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің салауатты ұрпағымыз. Кішкентай ғана аз ғұмырымызда тұңғиық түбіне батпай, ата-бабаларымыз бізге аманат еткен тәуелсіз еліміздің көк туын төмен түсірмей, біріге көкке көтерейік.
Айта кетейік, есірткі мен нашақорлыққа қарсы алдын-алу жұмыстарын атқару, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен аластату барлық мүдделі органдардың міндеті.