Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті студенттерімен кездесу өткізді.
Мақсаты — есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының, пайдаланудың алдын алу.
Басқосуға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция подполковнигі Нұрлан Сембаев, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог психиатр дәрігері Раушан Асанова, ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Серғали-Түркістан РҚБ, жоба үйлестірушісі Ержан Әбуталиев, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Грепплингтен әлем чемпионы Бағдаулет Абызов қатысты.
Кездесуде жастар арасындағы нашақорлықтың әлеуметтік алдын алудың өзекті теориялық және қолданбалы мәселелері айтылды. Қазақстан жастарының өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық деңгейі, статистикалық көрсеткіштері талқыланады. Сонымен қатар бұл жұмыста нашақорлық және жасөспірімдер қылмысы проблемасы, кәмелетке толмағандардың есірткіге құмарлығын қалыптастыруға ықпал ететін факторлар жайлы айтылды. Сөз соңында сала маманы жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді істермен айналысуға шақырды. Ал спортшы чемпиондар жастарды спортпен айналысуға шақырды. Жастар тарапынан сұрақтарын қойып, өзара еркін пікір алмасты.
Нашақорлықтың пайда болу және даму себептерінің арасында мінез-құлықтың ерекшеліктері, психикалық және физикалық бұзылулар, түрлі әлеуметтік факторлардың әсері жиі аталады. Медициналық мақсатта ұзақ уақыт бойы есірткі заттарын қабылдауға мәжбүр болған науқастар арасында нашақорлықтың пайда болу жағдайлары да аз емес. Ресми медицинада қолданылатын көптеген дәрілік заттар (негізінен ұйықтататын, транквилизаторлар және есірткілік анальгетиктер) есірткі тәуелділігінің ауыр түрлерін тудыруы мүмкін, бұл оларды қолдану кезінде елеулі асқыну болып табылады.
Әрине, әркім нашақорлықтың қазіргі қоғамның басты проблемаларының бірі екенін біледі. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес ересек тұрғындардың 1 пайызына дейін есірткіге тәуелділіктің қандай да бір түрінен зардап шегеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл сан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Мектеп жасындағы жасөспірімдерге барлық нашақорлардың 20 пайызы келеді. Есірткіге тәуелділердің басым бөлігі-30 жасқа дейінгі жастар. Мұндай жағдайларда балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және емдеу мәселесі өте маңызды болып табылады.