Полиция майоры Ербол: «Қырағы криминалист ешнәрсені қалт жібермейді»

Түркістан облысында жұмысын жоғары деңгейде атқарып, алғыс арқалап жүрген тәртіп сақшылары өте көп. Солардың бірі әрі берегейі — полиция майоры Сейтжапбаров Ербол Ахметұлы. Ол бүгінде Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің Жедел-криминалистика тобының криминалист маманы лауазымында абыройлы қызмет етіп келеді. Орын алған қылмысты ашуда, қылмыскерлерді құрықтауда тындырымды әрекет ететін оған елдің айтары — алғыс. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ҚР Ішкі істер саласында 2000 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ол қылмыс болған жерде әрбір басылған ізді мұқият зерттейді. Шындығында, қылмыскердің кім екендігін анықтауда, бірінші кезекте осы криминалистердің жинаған деректері септігін тигізеді. Ал, Жедел-криминалистика тобының криминалист маманы болып 10 жылдан бері қызмет атқаратын полицей: «Полиция қызметінде криминалистика саласының өзіндік қиындығы бар. Дегенмен өзім бала кезден полицей болуды армандағандықтан, мен үшін еш кедергі жоқ. Антқа адал қызмет ету — басты ұстанымым. Кез келген қылмыстың ашылуында әрбір қалған ізді қалт жібермей, өзіндік үлес қосып келемін. Мысалы, 2021 жылдың маусым айында орын алған пәтер ұрлығын, күдіктінің саусақ іздері арқылы анықтадық. Нәтижесінде көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам ұсталды. Нақтырақ айтсам, полицияға жергілікті тұрғын арызданды. Әйел өз арызында белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, 200 000 теңге ақшасы мен 20 000 теңге болатын алтынын жымқырып кеткенін көрсетті. Хабар алысымен оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобымен шықтым. Ұрлық болған үйдің бөлмелеріндегі барлық іздерді алып, қылмыстың ашылуы жолында әріптестеріммен шұғыл әрекеттер жасадық. Сол жерден айғақ заттар мен дәлелдемелер жинадық. Соның нәтижесінде жарты тәулік ішінде күдіктінің жеке-басын анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Белгілі болғандай, күдікті көршісінің үйінде ешкім жоқтығын, терезенің ашық қалғанын пайдаланып, үйге заңсыз еніп, қолына түскен бағалы дүниелерді жымқырып кеткен. Күдікті ер адамнан айғақты зат ретінде алтын мен ақшаның бір бөлігі алынды. Анықталғандай, ер адам ақшаның жартысын өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Осы жайт бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеліп, сотқа жолданды. Соттың үкімімен күдікті кінәлі деп танылып, оған 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Алайда өзінің соттылығынан нәтиже шығармаған қылмыскер арадан 1 ай өткенде, қайта ұрлық жасап ұсталып отыр. Яғни өзгенің үйіне түнгі уақытта тағы да заңсыз кіріп, үй иесінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, қуаттағышта тұрған ұялы телефонын қолды қылған. Бүгінде осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қазіргі таңда қамауға алынған. Иә, айта берсек, бізде мұндай жайттар көптеп кездеседі. Ал менің мақсатым — алдымда кездескен ірілі-ұсақты қылмыстарда іскерлік тәжірибемді қолдана отырып, оң нәтиже шығару. Бұл бағытта ізденуден, үйренуден жалықпақ емеспін»,-деп атап өтті. Ербол Ахметұлы қиын да қауіпті жұмысынан қолы қалт ете қалса, бос уақытын жанұясымен өткізуге тырысады. Бүгінде сүйген жары Жанар екеуі 1 ұл, 1 қызды өмірге баулып, өсіріп келеді. Ендеше өз жұмысының нағыз жанашыры, жауапкершілікті ту еткен, білікті криминалист, аяулы жар, асыл әкеге тек амандық тілейміз!

ТО ПД-ның баспасөз қызметі