Аудан әкімі Арман Сәбитовтің бастамасымен ауданның 98 мектебінде ата-аналармен құқықтық кездесулер өткізу үшін 8 жұмысшы топ құрылған. Және бұл бойынша арнайы кесте де бекітілген. Жалпы 40 адамнан тұратын бұл топ жастарды жат әдеттерден, құқықбұзушылықтан сақтандыру, оқушылар арасындағы қылмыс пен ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында құрылған. Сонымен қатар, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру арқылы оқушылардың оқу үлгерімін назарға алу, алтын уақыттарын пайдалы дүниелерге жұмсауға ықпал жасау да — маңызды міндеттердің бірі.
Бүгін аудан аумағындағы Ақсукент ауыл округінде №61 С.Базарбаев және
№82 Б.Наметов атындағы негізгі орта мектептерінде, Көлкент ауыл округіндегі №59 Қ.Жандарбеков атындағы шағын жинақтық орта мектебінде, №71 Қарасай батыр атындағы жалпы білім беретін мектебінде аталған тақырып аясында кездесулер ұйымдастырылды.
Бұдан әрі, жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беруге бағытталған кездесулер Ақбұлақ және Қарамұрт ауыл округтерінде №37 жалпы білім беретін мектебінде, «Нұрлы Жол» жеке меншік, Манкент және Жібек жолы ауыл округтеріндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектептерінде, Айша-Бибі атындағы жалпы білім беретін, Арыс және Құтарыс ауыл округтерінде Төле би атындағы шағын жинақтық орта мектептерінде жалғасын тапты.
Ал, Қарабұлақ ауыл округіндегі №92 «Ақсу», №101 жалпы білім беретін, Қайнарбұлақ ауыл округіндегі №72 Х.Әдебеков, Құрманғазы атындағы шағын жинақтық орта, Қарасу ауылдық округіндегі №69 «Бес-кепе» негізгі орта мектебінде жиналыстар өтті.
Кездесулер барысында ата-аналарға балалардың ұялы телефондары мен әлеуметтік желілерді қолдану, бақылаудың маңызы түсіндіріліп, оларға дұрыс көңіл бөлу керектігі айтылды. Бұл шаралар арқылы ата-аналарға балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты негізгі мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Жұмысшы топтардың құрамына зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары, беделді азаматтар мен «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері жұмылдырылды.
Бүгінде мамандар ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, жастардың түзу жолда тәрбиеленуіне қолдау көрсетіп келеді.