Жас буын жалынды болуы үшін олардың тәрбиесінде жаңылуға болмайды. Өйткені тәрбиеде қателесуге жол жоқ. Қалада мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде тиісті жұмыстар қолға алынған. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де бар. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты аясындағы алқа отырысында жастар саясаты мәселелері талқыға түсті.
Жиын барысында Шымкент қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда басым бағыттарды атап беріп, өз ойларын ортаға салды. Алқа мәжілісіне қала жастары, белсенді азаматтар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысты.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова қалада жастар ресурстық орталықтары 5 негізгі бағыт бойынша іс-шаралар атқарып жатқанын атап өтіп, жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстарды баяндады. Өткен жылғы жұмыстарды қорытындылады. Жыл басынан бері іс-шаралар жоспарына сәйкес, нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын-алу бойынша жоғары оқу орындарында 28 кездесу өтті. Қазіргі таңда қала аумағындағы ЖОО-да суицидтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі және лудоманияның зияндылығын насихаттау мақсатында қалалық Полиция департаменті, қалалық Ардагерлер кеңесі, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының орталығымен бірлескен кездесулер өтті.
Жастар ресурстық орталығы тарапынан шығармашылық бастамаларды қолдау, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету, жас кәсіпкерлерді қолдау, жастарды жұмыспен қамтуды үйлестіру, тұрғын үймен қамту бойынша көмек көрсету, коворкинг орталығы, шағын кітапхана, психологиялық кеңес беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, былтыр қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық бағытта жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстары шеңберінде 671 іс-шара ұйымдастырылып, оған 120 мың жас қамтылған. Денсаулық сақтау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында 402 іс-шара ұйымдастырылып, оған 39 мыңға жуық жас қатысқан. Жастар арасында психо-профилактикалық насихат жұмыстарын жүргізу бағытында 53 іс-шара ұйымдасытылып, жоспарға сәйкес барлығы өз деңгейінде болып өткен.