Салауатты өмір салтын ұстану маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті. «Есірткісіз қоғам құру – әрбір қазақстандықтың алдында тұрған үлкен міндет» — деген болатын.

Қазіргі заманның жаһандық мәселесіне назар аудару және тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында есірткі заттарын пайдалануға теріс көзқарасты қалыптастыру мақсатында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Политехникалық колледжі және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде кездесу ұйымдастырылды.

ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық маманы Жүргенбаева Назира, Шымкент қаласы Психикалық денсаулық сақтау орталығының психиатор-наркологы Раушан Баймұрынова және Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндігі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков және Серғали Түркістан Аймақтық Қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестіруші Ержан Абуталиев қатысты.

Жиын барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. ЖИТС-тің адам өміріне тигізер кері әсерлері мен одан сақтану жолдарын түсіндірді.

АИТВ — адамның иммун тапшылығы вирусының, яғни адамның иммунды жүйесін зақымдайтын вирустың қысқартылған атауы. Адамның иммундық жүйесін зақымдай отырып, басқа инфекциялық аурулардың дамуына ықпал етеді. Өйткені адамның иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан, ауру туғызатын микроорганизмдермен күресуге қабілеті төмендейді. АИТВ жұқтырған адам сау адамға мүлде қауіп тудырмайтын микрорганизмдерге өте сезімтал болып келеді. Бастапқыда ауру білінбейді. Көпшілік жағдайда АИТВ жұқтырғанын және басқаға қауіп төндіретіні туралы біле бермейді. Жұқтырған адам көбіне ауру жұқтырғанын сезбей де қалады. Бірнеше апта өткен соң ғана тұмауға ұқсас белгілер пайда бола бастайды (дене қызуы көтеріледі, тері бетінде бөртпелер шығады, лимфа түйіндері үлкейеді, іші өтеді). Вирус жұқтырған адам көп жыл бойы өзін сау адамдай сезінеді.

Сондай-ақ, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.