Сыбайлас жемқорлық — үлкен қасірет. Сондықтан онымен жалпы қоғам болып күресу қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресте бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қоюды қарастырып дамыту керек. Сонымен қатар, қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін және білім мен тәрбиенің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру маңызды.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді.
Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ — Түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекованың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — шаралар жоспарын жүйелі орындау бойынша жұмысшы топтың отырысы өтті. Мақсатты жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, басқарма қызметкерлері мен университеттен құрылған жұмысшы топ өкілдері қатысты. Негізгі мақсат — білім ордасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты одан әрі күшейту үшін тағылымдық, ақпараттық — профилактикалық іс-шара ұйымдастыру.
Жиында ректор Ж.Темірбекова университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, заң бұзушылықтарды анықтау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндап, Департамент басшысымен бірге қол қойған ынтымақтастық меморандумына және іс — шаралар жоспарына сәйкес жүргізілген бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті. Мәселен, жатақхана ақысының қолма-қол ақшамен жиналатындығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына ықпал ететіндігі ескеріліп, бүгінгі күні жатақхана ақысы электронды төлем жүйесі арқылы банктерден қабылданатынын және университеттегі басқа салаларға қатысты тәуекелдерді болдырмау мақсатында Департаментпен бірлесіп жұмыс жүргізуге дайын екенін баса атап өтті. Сондай-ақ, университеттің Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры П.Пилтен Түркиядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі бағыттарын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі перспективасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ұлттық жоспары туралы оң тәжірибелермен ой бөлісті. Басқосуға қатысқан Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында университет ұжымы мен студенттер арасында тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ниетті екендігін жеткізді. Жиын соңында жұмысшы топ мүшелері сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салып, Департамент тарапынан ұсынылған іс-шаралар жоспарының аясындағы жұмыстарды бірлесіп жасауға уағдаласты.