2025 жылғы жылыту маусымына орай Түркістан облысында дайындық жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Облыс әкімдігінің тікелей бақылауымен барлық аудан-қалаларда қазандықтарды жөндеу, жылу желілерін жаңарту, отын қорын жасақтау және көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жүйелерін тексеру сынды жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр.
Облыстың 2025-2026 жылдардағы жылу маусымына дайындық және көмірмен қамту барысы туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы осы мәселеге жауапты басшыларды жинап, тиісті тапсырмалар берді. Жиында көмір жеткізу бағытындағы жұмыстар туралы есеп берілді.
– Жылыту маусымында өңірде көмірден ешқандай проблема болмауы тиіс. Мектептер, ауруханалар және өзге де бюджеттік мекемелердің көмірмен қамтылуы қадағалансын, – деген облыс әкімі әр аудан, қала әкімі жылыту маусымына дайындықты қатаң қадағалап, тиісті жұмыстарды уақтылы атқаруды тапсырды.
Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 606,6 мың тонна. Осы көлемнің мамырдан шілдеге дейінгі аралықта 96 791 тонна көмір жеткізу жоспарланған. Оның 76 728 тоннасы теміржол арқылы жеткізілді. Бұл жоспардың 79 пайызын құрайды.
Бүгінде облыстағы 28 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында шамамен 100 мың тонна көмір қоры бар. Тасымалдау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Облыстық бюджетік мекемелерге жалпы 75 786 тонна көмір қажет. Қазіргі таңда осы көлемнің 36 пайызы сатып алынған. Алдынғы аптамен салыстырғанда 10%-ға өсім бар. Бюджеттік мекемелерді көмір отынымен 10 тамызға дейін қамтамасыз ету жоспарлануда. Жоспарды жүйелі орындау үшін көмір жеткізу индикаторы әзірленді.
Жылу беру маусымына дайындық барысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының үйлестіруімен жүргізіліп, облыстық штабтың тұрақты бақылауында. Әр аудан мен қалада жұмыс топтары құрылып, апаттық жағдайлардың алдын алу, тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету міндеті қойылған.
Түркістан облысында 2025 жылғы қысқы жылыту маусымына дайындық барлық бағыттар бойынша кешенді жүргізілуде. Қазандықтарды жөндеу, желілерді жаңарту, отын қорын жинақтау және тұрғын үйлердің техникалық дайындығы – барлығы жоспарға сай атқарылып жатыр.
Бұл жұмыстар аяқталған соң, облыстағы барлық нысандар мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толық дайын болады деп күтілуде.