Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы бекеттер қойылды

Түркістан облысында қатты жел мен боран салдарынан 12 желтоқсан сағат 22:30-да А-2 «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» республикалық маңызы бар жол Машат асуынан бастап Жамбыл облысы шекарасына дейін жабылған болатын. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар автожолдардың 13 бағыты бойынша автокөлік құралдарының барлық түрлеріне шектеу енгізілген. Республикалық жолда 3 бекет және облыстық жолдарда 22 бекет қойылды. Облыстың Төтенше жағдайлар және Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар және жол саласы қызметкелерінің күштерімен қар құрсауынан 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды. Бұл жайында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ержанов мәлімдеді.

-Облыстық маңызы бар автожолдарда қазіргі таңда көлік кептелісі жоқ. А-2 республикалық жолында 630 бірлік техника және 1 250-ге жуық адам бар. Жолда қалған жолаушылар қоғамдық орындарға орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Аталған көліктер Шымкент қаласы бағыты бойынша және Жамбыл облысы шекарасына дейін жол тазаланып, ашылған кезде ғана жолға шығады, — деді Асхат Амангелдіұлы.

Түркістан облысы полиция департаменті тарапынан Республикалық маңызы бар жолдарда 8 бекет қойылып, онда 20-дан астам қызметкер мен 10 қызметтік автокөліктер жұмылдырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда 13 бекетте 43 қызметкер, 17 қызметтік автокөлік тұр. Бұл жайында Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев баяндады.

-Полицияның басты міндеті — көлік құралдарының елді мекендерден шалғай жолға шығуына жол бермеу. Қазіргі таңда 11 желтоқсаннан бері Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республикалық маңызы бар «Шымкент-Тараз» автожолында тәулік бойы қызмет атқаруда. Тараз бағыты толық жабық, «Машат», «Шақпақ баба» асуы және Түлкібас ауданында ішкі жолдарда полиция органдарының 50-ден астам қызметкері жолдарды жабу бойынша жұмыстар атқаруда,- деді Бағланбек Есембекұлы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі