Жастарды жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде

жүйелі

Оқу орнын жаңа бітіріп, қолына дипломын алған жастың мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуы қиынның қиыны. Көптеген мекеме жас маманды «тәжірибесі жоқ» деген желеумен жұмысқа алғысы келмейді. Соған орай, «Жасыл ел», «Серпін», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жастар – ел тірегі» бағдарламалары оқуын енді ғана тәмамдаған мамандардың жұмысқа орналасып кетуіне үлкен мүмкіндік беруде. Мәселен, былтыр Шымкент қаласында 2 568 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа қабылданды. Оның арасында іскерлігін дәлелдеп, тұрақты жұмысқа қол жеткізгендері де бар.

Дана Ерханова Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетінде «Психолог» мамандығы бойынша білім алған. Университетті аяқтай сала Шымкентке келіп, «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасты. Өзінің қарым-қабілетін көрсете білген Дананы жұмыс беруші мекеме уақытты созбай тұрақты түрде қызметке алды.
–Оқуды аяқтаған жас мамандардың жұмысқа орналасуы әсте қиын. Бір мекемеге жұмыс сұрап барсаң, міндетті түрде «тәжірибең бар ма?» деп сұрайды. «Жоқ» деген жауапты естігенде, «өзіміз хабарласамыз» деп шығарып салады. Осылай қаншама жас жұмыс таппай сандалып жүр десем де болады. Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы туралы көбісі әлі күнге дейін біле бермейді. Өзім мұндай жобаның бар екенін әпкемнен естідім. Ести сала Жұмыспен қамту орталығына барып, керекті құжаттарымды тапсырдым. Бірер күнде-ақ жақсы хабар келді, – дейді жас маман.
Қайда барса да алдымен жұмыс беруші еңбек өтілін сұрап, талай жастың тауы шағылғаны жасырын емес. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол, жас маман бір жыл тәжірибе жинап, мамандығымен еңбек жолын бастайды. Ал біздің кейіпкеріміз барған мекемесінде небәрі 5 айдың ішінде талаптанып, тұрақты түрде жұмысқа қабылданған.
–Қазіргі таңда Жастар ресурстық орталығында инспектор болып жұмыс істеп жүрмін. Бес айдың ішінде қарым-қабілетімді ескеріп, штатқа қабылдады. Өзім секілді жастармен жұмыс істеп, тәжірибелі мамандардан көптеген қызықты әрі пайдалы ақпарат аламын. Жастар арасында іс-шаралар ұйымдастырып келемін, – дейді Дана Нұрланқызы.
Келесі кейіпкеріміз Әсел Жолдықара аталған бағдарламаның тиімділігін естіген бойда тәжірибе жинауды мемлекеттік қызметтен бастағанды жөн көрген. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде практикалық сынақтан өтуде.
–Орталық Азия инновациялық университетінде «Қаржыгер» мамандығын оқыдым. «Жастар практикасы» бағдарламасы оқыған мамандығыммен жұмысқа тұруыма пайдасын тигізді. Әзірге тәжірибе жинақтаудамын. Білімімді, іскерлігімді көрсетіп, тұрақты жұмысқа қалсам деймін, – дейді ол.
Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналасқан жас мамандар қатары артып келеді. Бұл жобаның тағы бір пайдасы – бір жылдағы еңбек тәжірибесі маманның еңбек кітапшасына жұмыс өтілі болып жазылады және 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 110.760 теңге көлемінде жалақы төленеді. Биыл бұл бағдарламаға қатысуға 3 554 шымкенттік жасқа мүмкіндік беру жоспарланған. Қаңтар айының өзінде 332 жас мамандығы бойынша жұмысқа жолданды.