100-ден аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған

атаулы әлеуметтік

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының нақты жағдайы көрсетілуі керек деп жазады Ntime.kz AA.

Биыл АӘК алуға Шымкент қаласы бойынша жыл басынан қазірге дейін 6927 отбасыдан өтініш түскен. Оның 6454-нің мұқтаждығы анықталса, аудан әкімдері жанындағы учаскелік комиссиялар 473 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартқан.
Сондай-ақ басқарма өз тарапынан отбасылардың АӘК алуға ұсынған құжаттарының түпнұсқа екендігіне көз жеткізу үшін тиісті мекемелер арқылы қосымша зерделеу жүргізген. Онымен шектелмей өтініш берушілердің тұрмыс жағдайын да тексеруді қолға алған. Мұнда негізгі мақсат – бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ету.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде жалған құжат тапсырып, мемлекеттен ақша алудың көзін тапқан пысықайлар көбейіп кетті. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы да мұны жоққа шығарған жоқ. Мониторинг барысында жалған құжат тапсырған кәсіпкерлер анықталған.
– «Еңбек мобильдігі» орталығымен бірлесіп мониторинг жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік көмекке жүгінген азаматтар ұсынған құжаттардың түпнұсқаларын тексереміз. Көбі құжатты жеке кәсіпкер ретінде тапсыруда. Қарамағында 20-30 адам жұмыс істейді деп мөр басқан анықтама ұсынады. Қалалық кірістер департаментіне хат жолдап, жеке кәсіпкерлерде жұмысшы ретінде тіркелген 3520 азаматқа қатысты сұрау жолдадық. Нәтижесінде 2024 жылдың 1 тоқсанында жалған мәлімет берген 100-ден аса отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды, – деді басқарма басшысы.
Қазір министрліктің интеграцияланған базасында азаматтарға қатысты барлық мәліметтер айқын тұр. Онда өтініш берушілердің жылжымайтын мүлкі, алдыңғы тоқсанда қайда жұмыс істегені, зейнетақы жарнасы секілді барлық мәліметтер көрсетіледі.
Басқарма басшысы кәсіпкерлердің құжаты салық комитеті, денсаулық сақтау басқармасы арқылы да тексерілетінін жеткізді.
– Жұмысқа жарамайтын азаматтарға ештеңе дей алмаймыз. Бірақ кейбір азаматтар денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз деген анықтама ұсынады. 270 отбасының құжатына қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, анықтадық. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 63 отбасының жалған мәлімет ұсынғаны анықталып, АӘК тағайындау 6 айға тоқтатылды. Біз құжаттарды қабылдап алғаннан кейін қаладағы әр ауданға жібереміз. Аудандық әкімдік өздерінің учаскелік комиссияларымен біріге отырып, сол отбасының жағдайын барып көруі керек. Ол отбасыда кімдер тұрады, жағдайлары қандай, бізге берген мәліметпен сәйкес келе ме? Кейбір отбасылар ата-әжесімен тұрса да табысы қоса есептелетіндіктен жасырады, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.
2023 жылы 778 алимент алушы отбасының тізімі сот орындаушылар палатасына жолданып, қазір аталған мекеме тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Басқарма ресми жауапты күтіп отыр. Жауапқа қарай тиісті шаралар қабылданады.
Сондықтан, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының нақты жағдайы көрсетілуі керек. Нағыз мұқтаж отбасылар мемлекеттік көмектен қағылмауы тиіс.
– Атаулы әлеуметтік көмекке қарастырылған бюджет қаржысын тиімді жұмсау мақсатында қала аумағындағы 5 аудан әкімдіктерінде құрылған учаскелік комиссияның жұмысын күшейтуге және әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж отбасыларға «оң» қорытынды шешім беруді аудан әкімдері қатаң бақылауға алу қажет деп санаймыз. Расында, кейде құжатты қайда апарып өткізетінін білмейтін азаматтар бар, оларды басқарма жұмыспен қамтып, оқытып, кәсіп ашуына, яғни әрқайсысымен жұмыс істеуге дайын, – деді Жанат Өтебаева.