Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі 2022 жылғы І тоқсанында 5,2 пайызды құрады. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан босату, еңбекақы өндіру мәселелері бойынша азаматтардан жиі өтініш келіп түседі. Мәселен, жыл басында 5500-ден астам өтініш тіркелген болса, оның 500-ден астамы аталған проблемаға қатысты. Аталған жайтқа байланысты Сауран ауданында алқалы жиын өтіп, бірқатар мәселелер сол жерде-ақ, өз шешімін тауып үлгерді.
Жұмыспен қамту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі таңда Сауран ауданы жұмыссыздық деңгейін 5,2%- дан 4,9%-ға төмендетуге қол жеткізуге күш салуда. Осындай мақсатта Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қарқынды жұмыс атқаруда. Осыған орай бүгін «AMANAT» партиясы Сауран ауданы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Сауран ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан Сеилбекұлы азаматтарды арыз-шағымдары бойынша жеке қабылдады.
Қабылдауда болған Гузаль Құдайбергенқызы тұрмыс жағдайы төмендігін айтып, жұмысқа тұруына ықпал жасауын сұрап келді.
А.Дауырхан ауыл тұрғынының өтінішін қарастырып, қоғамдық жұмысқа орналасуына көмектесті. Қосмезгіл елді мекенінің тұрғыны Токташ Шахноза статистика мамандығын оқып, дипломы бар екендігін айтып, сол мамандық бойынша жұмысқа орналасуы керектігін айтып келді. А.Дауырхан Жұмыспен қамту бөліміне Жастар практикасымен жұмыс ұсынып, ауыл тұрғындары мәселелері оң шешімін тапты.
Айта кетейік, Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету жүйелі жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта 2021 жылы жүйелі жұмыстар ұйымдастырылған.
Былтырғы жылы шаһардың 8665 тұрғынына жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Оның ішінде 6033 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 108 азамат уақытша сипатта ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ 497 жас түлек жастар практикасымен жұмысқа орналасып, 1395 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарымен қамтылған.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – 256 тұрғынның бастапқы бизнес жоспарларына комиссия шешімімен қайтарымсыз грант қаражаттары берілді. 278 азамат бастау бизнес жобасы аясында кәсіпкерлік оқу курстарын аяқтаған.
Түркістан қаласында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары биылғы жылыда жалғасын табуда.
Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 5 250 азаматты жұмыспен қамту міндеттеліп отыр.
Атап айтқанда, шаһар аумағында мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы 3000 азаматқа тұрақты бос жұмыс орындарын құру көзделген. Одан бөлек, 227 азаматты қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткізсе, 240 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, 950 азаматқа қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру жүйелі жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ жастар арасында жұмыссыздықты жою мақсатында 500 түлек жастар практикасы бойынша жұмыспен қамтылуда.
Және жастар арасындағы экономикалық белсенділігі төмен NEET санатындағы 30 азаматты алғашқы жұмыс орындарына, 30 азаматты күміс жас жобасына жолдау жоспарлары орындалуда.
Қазіргі таңда, бастапқы кәсіпкерлікті дамыту бағытымен 273 азаматтың жаңа бизнес идеяларына 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттарын ұсыну жоспарлары атқарылуда. Жоспар бойынша аталған грантқа құжаттар қабылдау наурыздың екінші жартысынан кейін басталады.
Ntime.kz