Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қарқынды жұмыс атқарды. Жыл басынан бері 55 нысанда зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде 112 хаттама толтырылған. Оның 85-і – жоспардан тыс тексерулерден, ал 27-сі – жоспарлы мониторингтен алынған. Жалпы 1102 сынама жиналып, 6200 талдау жасалған. Бұл көрсеткіштер қаладағы экологиялық жағдайды бақылаудың жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын айғақтайды.
Экологиялық тексерулердің ішінде ауа сапасын, өндірістік қалдықтарды және су құрамын зерттеу басты назарда болды. Нәтижелер бойынша бірқатар кәсіпорындарда экологиялық талаптардың сақталмауы анықталған. Әсіресе, көлік құралдарынан бөлінетін зиянды заттардың мөлшері алаңдатарлық деңгейде болып шықты.
2025 жылдың ақпан және маусым айларында Экология министрлігі, қала әкімдігі және полиция департаменті бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. 125 автокөлік тексеріліп, оның ішінде 52 көліктен шығарындылар рұқсат етілген нормадан жоғары екені анықталды. Олардың 9-ы дизельді болса, 28-і газ-бензинмен жүретін көліктер. Бұл – қаладағы көлік шығарындыларының әлі де жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Экология департаментінің мәліметінше, мұндай тексерістер алдағы уақытта да жалғасып, талап бұзған көлік иелеріне қатаң шаралар қолданылатын болады. Сонымен қатар, мамандар тұрғындарға көлік құралдарын уақтылы техникалық байқаудан өткізіп, сапалы жанармай пайдалануға кеңес береді.
Бұл жұмыстардың барлығы елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының мақсаттарымен үндес. Басты міндет – қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, әрбір азаматты экологиялық мәдениетке тәрбиелеу. Қаладағы ауа сапасын жақсарту, өзен-көлдерді қорғау және көлік шығарындыларын азайту – осы бастаманың нақты қадамдары болып табылады.
Қоршаған ортаға зиянды азайту – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір жүргізушінің де міндеті. Әрбір азамат экологиялық талаптарды сақтап, ауаға бөлінетін зиянды азайтуға үлес қосса ғана, қала экологиясы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасады.