Бүгінде ғаламтор дамыған заман. Кез-келген әлеуметтік желіде діни топтар құрылған. Енді осы ұйымдардың дұрыс насихат жасап жатқандығын қалай аңғарамыз?
Бүгінде жер кеңістігінде белгілі бір шекаралар болғанымен, ақпарат кеңістігінде ешбір шек-қиырдың жоқ екендігі мәлім. Кез келген адам қалаған уақытында қалаған ақпаратын табуына барлық жағдай жасалған. Қазір қалың жұрттың көпшілігі, әсіресе, жастар көп уақытын ғаламторда, әлеуметтік желілерде өткізетіні анық. Әлеуметтік желілер адамдардың санасында жүріп-тұрудың бейнесін, алгоритмін қалыптастыруда теңдессіз құрал болып саналады.Сөз сөйлеу, ас ішу, киім кию, кино көру, музыка тыңдау, өзге де тіршіліктерді жасау барысында санасында қалыптасқан бейненің әсері бар екенін жай адам байқамай қалуы да мүмкін.
Қазіргі таңда әлемде тек қана контент жасаумен, ақпарат таратумен айналысатын небір үлкен киберорталықтар пайда болғаны белгілі. Олардың соншалықты жылдамдықпен таратқан ақпараттары бір сәтте миллиондаған адамның санасына әсер етеді. Ондай орталықтарда ақпараттарды жасаумен, талдаумен және таратумен арнайы шығарылған киберботтар (робот) айналысады. Олардың ғаламтор бетіндегі әрекеттерін адамның істерінен айырып-ажырату мүмкін емес.
Олай болса, жаңа өсіп келе жатқан жас өспірімдерге бүгінгі ақпараттық ағымдардың әкелетін қауіп-қатері шашетектен екені айтпаса да түсінікті.
Сөздер, сөйлесулер, жазулар, суреттер, бейнеөнімдер – бәрі де ашық көрсетіледі. Ешбір ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Күн өткен сайын ақпарат алмасудың жаңа-жаңа жолдары шығуда. Ерекше қарқынмен дамып жатқан бұл үдерісті енді бақылап отырудың да, мүлдем тоқтатудың жолы жоқ десе, артық айтқандық емес.
Ақпараттық кеңістікті не себепті «ашық» деп сипаттаймыз. Өйткені мұнда ақпараттық алмасу иесінің рұқсатынсыз да жүре береді. Мысалы, бір адам әлеуметтік желіге өзінің суретін салып қойса, оны қанша адам көргенін, бөліскенін немесе талдау нысанына алғанын білмеуі де мүмкін. Міне, осындай бақылаусыз, қадағалаусыз бір ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Әрине, бұл қоғамның әлеуметтік заңдары да ерекше болуы заңды. Ақпарат қалай таратылады, қалай, не үшін және кімдер тарапынан жинақталады деген сауалдар туындайды. Бірақ бүгін бұл сұрақтың жауабына ілуде біреулер ғана үңіліп жатады.
Мысалы, «фэйсбук», «уатсап» немесе «Вконтакте» желілерінде жарияланған барлық ақпараттың жариялану мақсатын түсініп болу мүмкін емес. Тіпті жақсылыққа шақырғандай болып отырып, қиянатқа, қылмысқа немесе күнәға жетелейтін топтар бар екені жасырын емес.
Міне, ашық ақпараттық қоғамның осындай заңын ата-аналар немесе өзгеде тиісті органдар ескеруге тиіс. Қазір ешбір ақпаратқа шектеу қоюдың жолы жоқ. Газет-журналдар, кітаптар, кітапшалар болсын, аудио, видео өнімдер болсын, яки ғаламтор бетіндегі мәліметтер болсын, тоқтаусыз көбейіп, қарқынмен тарауда. Бұл ақиқатпен санаспауға болмайды. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деп атамыз қазақ айтқандай, осы жағдайда қайтсек ұтылмаймыз деген мәселені қарауымыз керек. Ағып жатқан ақпаратқа шектеу қоя алмағанымызбен, жастардың таңдау еркіне әсер етуге болатынын да есепке алғанымыз жөн. Ол үшін әр ата-ана баласымен жеке-жеке жұмыс істеуі қажет. Баласының не көріп, не біліп, қандай ақпараттар алмасып жүргенін қатаң қадағалауға алуы тиіс. Шетел асып жатқан лаңкестердің көпшілігі осындай ақпараттық кеңістікте «тәрбиеленіп, жетілгенін» байқау қиын емес.
Ntime.kz