Интернет алаяқтық

Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Алаяқтық — бұл нарықтық экономика жағдайында және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде кең таралған қылмыстың түрі.

Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр.Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды

Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.

Түркістан қаласының прокуратурасы Атырау қаласында орналасқан «SICIM» компаниясына жұмысқа орналастырып беремін деп алдау арқылы алаяқтық жасады деген айыппен 1994ж.т. М.Әбілжамитовке қатысты қылмыстық істі сотқа жіберді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол «WhatsApp» мессенджері арқылы чаттарға «SICIM» компаниясына жұмысқа орналастырып беремін деп жарнама жазып, адамдардың сенімін теріс пайдаланып алаяқтық жолмен 12 жәбірленушінің жалпы 1,5 млн. теңгеден астам ақшасын жымқырған.

Тергеу нәтижесімен қалалық полиция басқармасы Әбілмажитовтың жоғарыда аталған қылмыстарды жасағанын дәлелдейтін жеткілікті айғақтар жинақтап, прокурордың келісуімен оның іс-әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен (үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген) саралаған.

Жәбірленушілерге келтірілген залал тергеу барысында жартылай өтелді.

Ntime.kz