Карьерлерді заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес жалғасуда

әкім

Түркістан облысында заңсыз карьер қазушыларға қарсы күрес күшейтіле түсті. Осы салада атқарылған жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды табиғатқа зиянын тигізіп, заңсыз әрекетке барған жер қойнауын пайдаланушыларды қатаң бақылауға алып, тиісті жұмыстар жүргізуді жалғастыруды тапсырды.

– Жұмысын заңсыз жүзеге асырып, карьерлерді қазып жүргендерге қарсы қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Өзен арналарына зақым келтіру, жолдарды бүлдіру оқиғалары тіркелді. Бей-жай қарап отыруға болмайды. Заң аясында жауапкершілікке тарту керек. Екіншіден, жауапты басқарма жер қойнауын пайдаланушыларға лицензия берерде олардың міндеттерін түсіндірсін. Кәсіпкерлер өз міндеттемелерін толық орындаулары қажет. Келісімшарт жасалып қойған кәсіпкерлерге де талапты күшейткен дұрыс, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, өңірде 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 91 лицензия негізінде жұмыс істейді. Карьерлердің басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан.

Облыс әкімінің заңсыз жер пайдаланушыларға қарсы күресті күшейту тапсырмасымен келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 9 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын және 7 келісімшарттың қолданысы уақытша тоқтатылды.

Сонымен қатар заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында басқарма 2023 жылы Түркістан облысының мамандандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және Полиция департаментімен бірлесе іс-шара жоспарын бекітіп, алгоритмге сәйкес аудан, қала әкімдіктерімен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде аудан, қалаларда жалпы 461 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, 276 техника айыптұраққа қойылған. 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілген.

Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков Түркістан облысы Полиция департаментімен жер қойнауын өз бетінше пайдаланушыларды анықтау бағытында бірлескен мобильді топтар құрылып, жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар ұдайы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

2023 жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша жалпы 291 хабарлама тіркелген, 2024 жыл басынан 15 хабарлама тіркеліп, олар бойынша әкімшілік шара көріліп, жауапқа тартылған.

Экология департаментімен 291 дерек бойынша шара көріліп, 2 миллион 594 мың 804 теңге айыппұл салынған, 1 миллион 565 мың 707 теңге өндірілген. Техникалар айыптұраққа қойылған.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) жалпы 15 іс тіркелген, 2024 жылы қылмыстық істер тіркелмеген. Қазіргі таңда қылмыстық істермен Алматы қаласы бойынша «Сот сараптама институты» ММ-нен қорытындылар күтілуде.

Айта кетейік, өткен жылы ҚР ІІМ арқылы Қылмыстық кодексінің 334-бабына өзгерістер енгізу жайлы ұсыныс жолданып, ол қолдау тауып, заңға өзгерістер енгізілді. Онда қылмыстық жауаптылық туындайтын залал мөлшері 1 мыңнан 100 айлық есептік көрсеткішке азайтылды. Құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылды және пайдаланған техникаларды тәркілеу қарастырылған.

Аппарат отырысында облыс әкімдігіне қарасты мекемелердің құжат айналымы, халықтың өтініштері мен шағымдарына уақтылы жауап беруі және осы салаға қатысты өзге де мәселелер қаралды. Облыс әкімі апппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға және кемшіліктерге тоқталды. Облыс әкімі тарапынан аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғындардың өтініштері мен хаттары, және облыс әкімдігінен берілген хаттамалық міндеттемелер бойынша сапалы жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі