Жемқорлық-мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді.
Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілуде. Осы бағыттағы кезекті кездесу Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» өтті.
Шараға қатысқан Сыбайлас жемкорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.С. Әлжанова Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, оның зардаптарымен күресуге, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан, сыбайлас жемқорлықтың алдын — алу мақсатында Департамент бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Іс-шара барысында Ж.Әлжанова өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасынан хабардар етіп, басты критерий — нәтижелер өңірдің азаматтары мен кәсіпкерлері үшін маңызды және пайдалы болуы екендігін атап өтті. Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық көріністеріне
тап болған кез-келген азамат Департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласу қажеттігі хабарланды. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды
көтермелеу жайында толыққанды ақпарат ұсынылады.
Лекция соңында орталық қызметкерлерімен сұрақ-жауап алмасу болды.