Келесте «Абай» газ тарату станциясы іске қосылды

газ тарату

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелер шешіліп жатыр. Осы ретте Түркістан облысына қарасты елді мекендердің инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Біртілек елді мекенінде «Абай» газ тарту станциясын іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.

«Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жергілікті тұрғындарды ауыл-аймақты таза ұстауға, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын»,-деді Дархан Сатыбалды.

Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, «Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» ЖШС жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі