Келестік полицейлер мектеп оқушыларымен кездесу өткізді

Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі келеңсіз жайттар ешкімді бей-жай қалдырмайды. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Яғни отбасындағы бір адамның басқаға қатысты дене зардабы мен психикалық зардап келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекет дұрыс емес.

Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыда қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған орай әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.

Келес АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторы Э. Есенкулова, ювеналдық полиция тобының инспекторы М.Алдабергеновтер, білім беру мекемелерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Басқосу барысында полицейлер оқушыларға «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері», «Заңды білмеушілік, жауаптылықтан босатпайды» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық кикілжің, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер ететіндігі айтылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары оқушылардың жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап арқылы пікір алмасты.