Келес ауданында өткен жылы құқық бұзушылық 19,3%-ға төмендеген

Түркістан облысы Полиция департаменті аудан, қалалық Полиция бөлім, басқарма басшылары өткен жылды қорытындылап, халыққа есеп беруде. Осы тұста кезекті есеп беру жиыны Келес ауданында өткізілді. Яғни Келес ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Болат Қаныбеков, 2021 жылдың 12 айында жеке құраммен атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру жиынын өткізді. Атап өтсек, Келес аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, орын алған қылмыстарды дер кезінде ашуға бағытталған бірқатар шаралар атқарылып, соның нәтижесінде жалпы құқықбұзушылық 19,3%-ға, яғни 332-ден 269-ға төмендеген. Оның ішінде ұрлық қылмыстар 50,6%-ға азайған. Пәтер ұрлығы 21,2%-ға кеміген. Ал алаяқтық қылмысы 10%-ға, бұзақылық 50%-ға, есірткі қылмысы 27,3%-ға төмендеген. Сонымен қатар ауданның бас полицейі полиция полковнигі Б.Қаныбеков өз баяндамасында: «Келес ауданы аумағында мал ұрлығы қылмысының алдын алып, орын алған қылмысты ашуда нақты іс-шараларды ұйымдастыру үшін «мал бағушы — мал иелері — жергілікті атқару органдарымен» 1471 – үш тарапты келісім шарт жасалды. Негізінде мал ұрлығы қылмысының 80% мал иелерінің өз меншіктеріне ұқыпсыз, яғни малдарын жайылымға қараусыз, бос жіберуі себеп болып отыр. Сондай-ақ жайылымнан жоғалған төрт түлікті иелері өздіктерінен іздеп, уақыт өткізіп барып полицияға хабарлайтыны тағы бар. Ал мұндай жағдайлар қылмыстың ізін суытпай дер кезінде ашуға кері әсерін тигізіп жатады. Десек те біздің тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында мал ұрлығы қылмысы 21,7 %-ға төмендеп отыр. Оған қоса Криминалдық саласы бойынша да бірқатар іс-шаралар өткізілді. Олар: «Допинг», «Қару», «Қаңғыбас», «Арқан», «Көкнәр», «Айдап әкету», «Мал ұрысы», «Іздеу», «Контрафакт» және «Стоп трафик», «Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына қарсы күрес туралы». Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 2021 жылдың жалпы 13975 әкімшілік хаттама түзіліп, айыппұл салынған»-деп, атап өтті. Жиналыс барысында қатысушылар полиция қызметіне қатысты түрлі сұрақтарын қойды. Бөлім бастығы қойылған әрбір сұраққа жеке тоқталып, нақты жауап берді. Онлайн қатысқан тұрғындар тәртіп сақшыларының жұмыстарына бірауыздан жақсы деген баға берді. Жиын соңында аудандық ПБ-нің бастығы Б.Қаныбеков, қылмыстың алдын алуда, болған қылмыстарды дер кезінде ашуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту жұмыстарын алдағы уақытта да атқара беретінін жеткізді.

ТО ПД баспасөз қызметі