Кентау қалалық полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауқымды семинарға қалалық емхананың психологы Н. Смаилова, акушер гинекологы Г. Мұсабекова, полиция инспекторы полиция лейтенанты А. Абдукадырова, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының маманы А. Құрманбаева, ата-аналар мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Бұл кездесуде әйелдер мен балаларды қорғау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесі жан-жақты қаралды. Бүгінде елімізде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет ең маңызды мәселелердің бірі. Осы ретте бұл шарада отбасындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, оның алдын алу, тосқауыл қою мәселелері талқыланды.
Семинар барысында отбасындағы кикілжің мен шиеленісті шешу жолдары қаралып, қатысушыларға жанұядағы әрбір жанның міндеттері түсіндірілді. Полицей А. Абдукадырова да бірқатар ақыл-кеңестерін айтып, зорлық-зомбылық орын алған жағдайда дағдарыстан шығу жолдарын сөзіне арқау етті.
Шараның соңы қатысушылардың алған әсерлерімен бөлісіп, осы секілді қоғам үшін қажетті семинарлар көптеп ұйымдастырылса екен деген ізгі-тілек, алғыстарын жеткізумен аяқталды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі