Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «30 тамыз — ҚР Конституция» күніне орай брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев мерекеге орай апта бойына облыс орталығы мен аудандарда, ауылдарда жүздеген мәдени шаралар өткізілетіні, барлық өңірлерде «Мектепке жол» акциясы жалғасып, сондай-ақ, жаңа нысандар пайдалануға берілетіні туралы хабарлады.
«Мереке қарсаңында облыс аумағында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Атап айтқанда, Түркістан қаласында 67 метрлік бассейні бар ашық аспан астындағы демалыс орталығы ашылды. Сондай-ақ, балалар ойын алаңшасы мен стритворкаудпен жасақталған «Төле би» саябағы мен «Денсаулық саябағы» пайдалануға беріледі. Ал Қазығұрт ауданында 27 тамыз күні биіктігі 45 метрлік Мемлекеттік тудың ашылуы өтетін болса, Сарыағаш ауданында 390 орынды заманауи үлгідегі зияткерлік мектебі бой көтерді. Сонымен қатар, Бәйдібек, Түлкібас, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Ордабасы, Шардара аудандарында 8 жаңа мектеп пайдалануға беріледі», – деді Аңсар Жаңабайұлы.
Спикердің сөзінше, мерекеге орай, 27-28 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтпек. Онда 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері 10-15 пайыз арзан бағада сатылады.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлының айтуынша, өңірдегі мәдени мекемелер мен кітапханада «Ата Заңым – айбыным», «Ата Заңым – алтын діңгегім», «Конституция — кемелдік кепілі» айдарымен мәдени шаралар өткізіледі.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында өңірде көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ардагерлерге және жағдайы төмен отбасыларға арналған қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
Айта кетейік, мерекенің маңыздылығын ескере отырып, барлық елдімекендерде, халық көп шоғырланатын жерлерге мерекелік эскиздерді билбордтар мен баннерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі