Биыл 1 шілдеден бастап курьерлер мен такси жүргізушілері салық төлеуге міндеттеледі. Мұндай қанатқақты жобаны Қаржы министрлігі іске қосқалы отыр. Ведомствоның хабарлауынша, әзірге жобаға барлығы емес, тек ынта білдіргендер ғана қатыстырылады.
Бұл үшін олар алдымен жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркеліп, тиісті құжаттарды онлайн-платформа арқылы ұсынуы керек. Сосын операторлар ай сайын олардан жарты жылдық кірістің 1 пайызын алып отырады. Егер ол бұрыннан жұмыс істеп тұрған ЖК болса, онда салық режімін өзгертуі керек.
«Жеке кәсіпкердің шешімімен оператор қаражатты ұстап қалу бойынша міндеттемені орындау бөлігінде салық агенті болып танылады. Қанатқақты жобаға қатысушылар үшін міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды салу объектісі осындай жеке кәсіпкердің ең төменгі бір жалақы мөлшеріндегі табысы болып саналады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар салу объектісі ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшеріндегі табыс болып есептеледі», деп хабарлайды министрлік.
Бұл жаңалыққа қатысты курьерлердің пікірі де әр алуан. Мәселен, тапсырыс жеткізуші болып жұмыс істейтін Сергей Белов бұл бастамамен келіседі.
«Мұндай салық қалтаға ауыр тимейді. Екіншіден, біз қорғалатын боламыз. Курьер бір айда 400 мың теңгені еркін табады», дейді ол «Астана» арнасына берген сұхбатында.
Ал «Atameken Business» тілшісіне пікір білдірген жеткізушілер мен такси жүргізушілері мұндай жаңашылдыққа дайын емес екендіктерін айтқан.
«Онсыз да табысымыз бөліске түсіп жатыр. Мың теңге тапсам, соның 270 теңгесін «Яндекс» алады. Енді мемлекет ақша ұстап қалса, онда бір шешімдер қабылдауы қажет шығар. Парк комиссиясын алып тастау немесе парктерді мүлде жою деген сияқты. Оның үстіне Әлеуметтік кодекс қабылданды. Енді не болмақ? Сонда тапқан мың теңгенің 600 теңгесі ғана маған тиесілі болмақ», дейді курьер Арман Алшынбаев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша қазір елімізде 500 мыңнан астам курьер бар.