«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Үйлестіру кеңесіне салалық кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты. Күн тәртібінде Кәсіподақтар күніне орай, Астана қаласында өткен Ынтымақтастық форум нәтижелері, 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары мен Еңбек қауіпсіздігі бойынша семинар ұйымдастыру жайы талқыланды.
Бауыржан Ілімшеұлы, алдымен, кеңес қатысушыларына өткізілген кездесулер мен іс-шараларды баяндады. Отырыста ҚР КФ тапсырмасына сәйкес «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне 2023 жылғы жазылу науқаны бойынша салалық кәсіподақ басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, кеңесте 25 қазан – Республика күніне орай марапаттаулар бойынша төрағалардың ұсыныс-тілектер тыңдалды. Жиын соңында Кәсіподақтар Федерациясының «You Tube» арнасына жазылу және қаралым санын арттыру жөні талқыланып, кеңес төрағасы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жіті назарда екенін ескертті.
Жалпы, Кәсіподақтардың рөлі мен қызметі – еңбек қатынастарын реттеу кезінде айрықша көрініс табады. Қолданыстағы Еңбек кодексінде көптеген еңбек қатынастары жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өзара келісу және ымыраға келу арқылы шешілуі қарастырылған. Бұл келісім мекеменің, кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында белгіленеді. Жалпы ұжымдық шарттарда жұмыскерлердің мүдделері мен құқықтары, жұмыс берушінің міндеттері айқындалады.
Шымкентте Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін 5 облыстық және 5 қалалық салалық кәсіподақтар бірлестіктері мен филиалдар жұмыс істейді. Шымкент қаласының салалық кәсіподақтарының құрамындағы 209 бастауыш кәсіподақ ұйымында 34139 кәсіподақ мүшесі бар болса, ал Түркістан облысының салалық кәсіподақтарының құрамында Шымкент қаласының аумағындағы мекемелердегі 336 бастауыш кәсіподақ ұйымы және оларда 26850 кәсіподақ мүшесі бар.
Жалпы барлығы Шымкент қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын 545 бастауыш кәсіподақ ұйымы және оның 60989 кәсіподақ мүшесі бар.
Ntime.kz