«Zhas Project» жобасының жеңімпаздары анықталды

Шымкент қаласында «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары анықталды. Бүгін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында грант иегерлеріне қаржы сертификаты табыс етілді.

Мұндай жоба елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында қолға алынып отыр. Жобаға қатысу үшін екі аймақтан 85 жас өтінім білдірген. Оның 35-і шымкенттік. Комиссияның қорытындысы бойынша Шымкент қаласынан 20 жас өзінің жобасын жүзеге асыруға 1 млн теңге шағын қаржы грантына қол жеткізді.

–Үш жылдан бері үйде отырып тапсырыспен кондитерлік тәттілер мен ашытқысыз нан пісіремін. Осы байқауға ашытқысыз нан жобамды ұсынып, жеңімпаз болдым. Енді бұл қаржының көмегімен әлеуметтік жағынан осал жандарға тегін нан таратамын, – дейді «Zhas Project» жобасының жеңімпазы Гүлжазира Егембердиева.

Г.Егембердиеваның жасы 32-де. Екі баланың анасы. Бала күтіміндегі ана 2024 жылдың мамыр айына дейін жобаның талабына сәйкес, әлеуметтік жобаны жүзеге асырады.

Иә, жобасының негізгі мақсаты да осы, грант иегерлері белгіленген уақытқа дейін өз өнімдерін әлеуметтік әлсіз топтарға тегін қызмет көрсетеді немесе өнімдерін таратып отырады.

Грант иегерлерінің қаржыны жұмсауы мен белгіленген талаптардың орындалуын «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бақылап отырады.

–Бұл жобаның қайтарымсыз гранты жастарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін беріледі. Байқауға қатысуға ниеттенген жастардың белсенділігі өте жоғары болды. Қалалық жастар ресурстық орталығы, әкімдік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған комиссия ең үздік деп таныған жобаларды таңдап, міне бүгін оларға сертификат табыстап жатырмыз. Шымкент қаласына биыл 20 грант бөлінсе, 2024 жылға 28 грант қарастырылады, —дейді «Қорған-М» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Диана Киргизбаева.

Жоба ең алдымен NEET санатындағы жастарға арналған. Оған уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпеген жастар да қатыса алады.