Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Визит» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС-ның бастауыш кәсіподақ ұйымында онлайн кездесу өтті. Жиынға ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының төрағасы Жаңабеков Қайрақбай, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және осы салалық кәсіподақтың өңірлердегі филиалдары басшылары мен қалалық кәсіподақ активі қатысты.Кездесудің басты мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымының бүгінгі тыныс тіршілігімен танысып, ұйымда кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып талқылау болды. Іс-шараны Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ашып беріп, алғы сөзді «Визит» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС басшысы Вельким Злавдиновке берді. Ол өз кезегінде бүгінде кәсіпорында ұзақ уақыттан бері шешімін таппай жүрген мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, «2020 жылы зауыт аумағында өрт болып, өндірістік цехтағы құрал-жабдықтар жарамсыз күйге түскен. Осыдан кейін кәсіпорында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өндірістік корпус іске қосылған болатын. Дегенмен, бүгінгі күні зауыт толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Жағдай күрделі. Зауыт басшылығы Германия мен Қытайдағы өнім берушілерден құрал-жабдық пен қосалқы бөлшектерді сатып алу туралы келісімдер жасап, қаражаттың бір бөлігі аударылған. Ендігі кезекте құрал-жабдықтарды зауытқа жеткізу үшін қаражаттың қалған бөлігін төленуі қажет. Алайда, қазіргі таңда АҚШ доллары мен еуроның курсы жоғарылауына байланысты бұл шығындар көзделмегендіктен зауыт келісімшарт бойынша өз міндеттемесін орындай алмай отыр. Осыған байланысты кәсіпорынның өндірістің қуатын толық іске қосуы үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларына қол жеткізе алмай отырмыз.Бұдан бөлек, қазіргі таңда әлемде орын алған экономикалық жағдайдың әсерінен Еуропа елдері мен Ресейден келетін шикізаттың көлемі азайған. Сонымен қатар, қазіргі таңда ел аумағында қант тапшылығы орын алуда. Осы жағдайларға байланысты зауыт өндіріс көлемін төмендетуге мәжбүр болып отыр» — деп өз уәжін жеткізді.Кездесу барысында қатысушыларды ақпараттандыру үшін «Визит» алкогольсіз сусындар зауыты» ЖШС-ы жайында және бастауыш кәсіподағы ұйымының атқарған жұмыстары бойынша дайындалған бейнематериал көпшіліктің назарына ұсынылды.Онлайн кездесуді жүргізіп отырған Бауыржан Әлтеев кезекті сөзді «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабековке ұсынды. Кәсіподақ мүшелерінің назын тыңдаған салалық кәсіподақтың төрағасы жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.Жиында сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлепов Шерманның мәлімдеуінше, тәтті газдалған сусын шығаратын зауытқа биыл 90 жыл толады. Көненің көзін көрген кәсіпорын қабырғасында бүгінде 163 адам жұмыс жасап нәпақасын тауып отыр. Оның ішінде 147 қызметкер кәсіподақ мүшесі болып табылады. Олар бүгінде кәсіпорынның жұмысында орын алған қиыншылықтарға, шешімі табылмай отырған өзекті мәселелерге алаңдаулы деп сөзін аяқтады.Бауыржан Әлтеев басшылардан «Визит» алкогольсіз сусындар зауыты»АҚ бастауыш кәсіподақ мүшелері ұжымдық шартпен көзделген міндеттемелерін толық көлемде орындап отырған әлеуметтік әріптес болып табылады. Сондай-ақ, отандық өндірушілерге қолдау көрсету және кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау мақсатында әлеуметтік әріптестік аясында жоғарыда аталған мәселелерді Үкіметке және тиісті салалық министрлікке ұсынуды сұрады.Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ мүшелерін толғандырып жүрген мәселелері елімізде орын алған экономикалық жағдайға байланысты барлық аймақтарда белең алуда және бүгінде кәсіподақ ұйымдарында жиі кездесетін өзекті проблемалардың бірі екендігін айтты. Сондай-ақ, төраға мұндай кездесулер жергілікті шешімдерді қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуде еңбек ұжымдарындағы проблемалық жағдайларды шешу үшін ұтымды ұсыныстармен бөлісу, осындай кездесулердің негізінде атқарушы органдарға ұсыныстар дайындалатынын, ал кәсіподақтар мен жалпы Федерация тарапынан өзекті мәселелерді шешудің ең қолайлы жолдары қарастырылатынын және көтерілген мәселелер алдағы уақытта әлеуметтік-әріптестік аясында жұмыс жүргізу нәтижесінде оң шешімі табылатынын айтты.
Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы