Сайрам ауданына қарасты Көлкент ауылындағы ауыз су мәселесі – көп жылдан бері ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып келген түйткілдердің бірі. Ауыл халқы бірнеше рет тиісті мекемелерге өтініш білдіріп, таза әрі тұрақты ауыз суға қол жеткізуді сұраған болатын. Осы мәселені назарда ұстаған аудан әкімдігі тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, жүйелі шешім қабылдауға көшті. Аудан әкімінің орынбасары Руслан Мұздыбековтің қабылдауында болған ауыл азаматтары су мұнарасын күтіп-баптауға өздері жауап беруге әзір екендерін білдірді. Дегенмен, бұл салада қолданыстағы заңнама талаптарына сай бірқатар шектеулер бар. Яғни, ауыз су жүйелері жекенің иелігінде болмай, мемлекет меншігінде болуы тиіс. Осыған байланысты Көлкент ауылындағы су тарату нысаны арнайы комиссия шешімімен «Сайрам Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді.
Аталған кәсіпорын мамандары қазіргі уақытта Көлкент ауылындағы ауыз су ұңғымасының жұмысын толық бақылауда ұстап отыр. Барлық техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқан бұл жұмыс жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз қызмет көрсетуіне бағытталған. Су беру уақыты автоматты жүйе арқылы реттеліп, тұтыну процесі бақылауға алынды. Кәсіпорын жанынан құрылған екі жөндеу тобы кез келген жағдайда жедел әрекет етуге дайын. Бұл бригадалар жүйеде туындауы мүмкін ақауларға дереу жауап беріп, үздіксіз сумен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді. Мұндай ұйымдастырылған жұмыс – ауыл тұрғындарының сапалы ауыз суға тұрақты қол жеткізуінің басты кепілі болып отыр.
Көлкенттік тұрғындармен кездесу барысында су беру уақытының қысқарғанына қатысты мәселелер де көтерілді. Кейбір азаматтар судың қысымы әлсіз болып қалғанын, тәулігіне берілетін судың мөлшері азайғанын айтып шағымданды. Осыған байланысты жүргізілген тексеру барысында ауылдың кейбір бөлігінде тұрғындардың ауыз суды тек тұрмыстық емес, ауыл шаруашылығы қажетіне – егін суаруға пайдаланатыны анықталды. Мұндай әрекеттер жүйенің жалпы жүктемесін арттырып, судың қысымын төмендетіп жіберетіні белгілі болды. Бұл жағдай жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, өзге тұрғындарға су жеткізуде қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарын суды тек тұрмыстық қажеттілік үшін пайдалануға шақырды. Су – ортақ байлық, оны ұтымды әрі үнемді пайдалану әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігіне байланысты екенін ерекше атап өтті.
Бүгінде ауыл тұрғындары ауыз су қызметіне белгіленген тариф бойынша әр текше метр үшін 105 теңге төлейді. Бұл қаражат кәсіпорын тарапынан жүйені күтіп ұстауға, техникалық ақауларды жөндеуге және су сапасын сақтауға бағытталады. Алайда, ауыл тұрғындарының көпшілігінің үйлерінде құжаттардың болмауы салдарынан ауыз суды ресми түрде пайдалану қиындық туғызып отырған жайы бар. Құжаттық рәсімдерден өту – тек осы мәселе үшін емес, жалпы коммуналдық қызметтердің барлық түрін заң аясында қолдану үшін маңызды. Осыны ескерген аудан әкімдігі тұрғындарға өз баспаналарын заңдастыру қажеттігін бірнеше рет ескертті. Сонымен қатар, уақытша шешім ретінде, жергілікті әкімдік тарапынан берілетін анықтама негізінде су есепшотын ашуға мүмкіндік ұсынылып отыр. Бұл тәсіл қазіргі кезеңде ауыз су қызметін уақытша әрі заң шеңберінде пайдалануға жағдай туғызып отыр.
Көлкент ауылындағы атқарылып жатқан бұл жұмыстар – тек бір ауылдың ғана емес, жалпы Сайрам ауданындағы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың айғағы. Ауыз су жүйесін тәртіпке келтіру – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы басты қадам. Сонымен қатар, бұл жұмыстар билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға, елді мекендерде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Халық өз мәселесінің назарда екенін көріп, тиісті органдардан қолдау тапқан кезде, олар да өз тарапынан жауапкершілік танытуға бейім болады. Көлкент ауылындағы су жүйесінің жаңартылуы мен тиімді басқарылуы басқа ауылдарға да үлгі боларлық тәжірибе. Осындай нақты істер мен нәтижелер ауылдың келешегіне деген сенімді арттырып, елді мекендерді өркендетудің мықты негізін қалайды.