Түркістан қаласында көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Бұл бастама жаз мезгілінде балалардың ашық терезеден құлау, ауладағы жазатайым жағдайлар мен лифт ішіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу үшін ұйымдастырылып отыр.
Қалалық тұрғын үй инспекциясы, ТЖ департаменті мен жергілікті ПИК (пәтер иелері кооперативтері) бірлесе отырып, тұрғын үйлердің техникалық жағдайын тексеріп, қауіп төндіретін нысандарға шұғыл араласу жұмыстарын жүргізуде.
Елімізде жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 179 оқиға тіркеліп, оның 32-сі қайғылы оқиғамен аяқталды.
Оқиғалардың негізгі себебі — ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы. Бұл туралы Түркістан облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Ақылбекұлы мәлімдеді.
«Облыс аумағында жыл басынан бері баланың терезеден құлауы бойынша 1 жағдай тіркеліп, 6 айлық нәресте ауыр жарақаттан көз жұмды. Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 737 көпқабатты тұрғын үй бар. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Департаменттің ұйымдастыруымен балалардың қауіпсіздігі бойынша біршама іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, «Бала қауіпсіздігі – басты мақсатымыз» тақырыбында Түркістан қаласындағы саябақтарда жастар мен балаларды терезе алдындағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыру мақсатында ауқымды акция өтті. Шараға 800-ге жуық адам қатысты. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілерді тарта отырып, облыс аумағындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына терезе алдындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерді таныстырып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тұрғын үйлерінің терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады»-деді спикер.
Балалардың қауіпсіздігі — тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Түркістан қаласында қолға алынған алдын алу шаралары — болашақта қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындардың да бұл іске белсенді қатысуы, балалардың қауіпсіз өмір сүруіне үлкен үлес болмақ.
Жергілікті билік өкілдері мен жауапты мекемелер алдағы уақытта да қауіпсіздікке қатысты жұмыстарды күшейтуді көздеп отыр. Ең бастысы — әрбір азамат өз отбасынан бастап қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосуы қажет.