Тұрғындар мал азығынан тапшылық көрмеуі тиіс. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға осындай тапсырма берді. Айта кету керек, биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын 851 мың гектарға егу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда, ол жұмыс толығымен аяқталды. Егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде мал азықтық дақылдардың көлемі 5,5 мың гектарға артатын болады. Яғни, 227,5 мың гектарға орналастырылды. Сондай-ақ дәнді дақылдар – 298,2 мың гектарға, дәндік жүгері – 44,5 мың гектарға, бидай –201,2 мың гектарға егілді. Түркістан облысы әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев малазықтық дақылдың 2 жылдық қорын жасақтау маңызды екенін жеткізіп, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшысына тапсырмалар берді.
– Былтырғыдай күрделі жағдай қайталанбауы тиіс. Қазір нағыз жұмыстың қызған шағы. Мал азығын әзірлеуге, жинауға баса назар аударыңыздар. Биыл 2 жылға жететін қор жасақтау қажет. Ауа райының жаңбырлы әрі шөптің мол болуы қолайлы болып тұр. Жем-шөптің бағасы да былтырғыдан арзандады. Осы мәселені толық қадағалап, мониторинг жүргізіп отырыңыздар, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биылғы егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылғанын айтты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан дала жұмыстарына 1672 агроқұрылымға 5,3 млрд. теңге несие берілген екен. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін облыста төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлініп, босатылды. Түркістан облысында 475 түрлі минералды тыңайтқыштың құнының 50%-ын субсидияланады. Бұл мақсатта қазынадан 6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 319 мың гектар егістік алқап тыңайтылады деп күтілуде, дейді осы салаға жауаптылар.
Ntime.kz