Шымкенттіктер мен жанкүйерлер, әлем чемпионатында бес кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жетіп, әдемі бокс өрнегін паш етіп, әлемдік сынды екінші орынмен аяқтаған 20 жастағы Махмұд Сабырханды әуежайдан қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласында бокстан ересектер арасындағы өткен әлем Чемпионатында Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» КММ-нің спортшысы Сабырхан Махмұд 54 келі салмақта ел намысын қорғады. Марапат тұғырынан көрініп, туған елге асқан абыроймен оралған жеңімпаз спортшы Сабырхан Махмұд Корея, Шотландия, Бразилия, Индия спортшыларын 5:0 есептерімен жеңіске жетіп, тек ақтық финалдық жекпе-жекте ғана Жапон боксшысымен жұдырықтасып, ұпай саны бойынша есе жіберді. Десе де ол құрама қоржынына әлем чемпионатындағы күміс жүлдені салды. Жеңімпаз боксшыны күтіп алу рәсіміне Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы қатысып, ел намысын қорғап, қанжығасына жүлде байлаған спортшыға әлемдік спорттың дамуына теңдесіз үлес қосу жолында сәттілік тіледі. «Әрбір үлкен жеңістің артында спортшының табандылығымен қатар бапкердің қажырлы еңбегі тұрады. Осы тұста біздің бапкерлер қосынына ерекше алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта да тынымсыз еңбектің арқасында спортшыларымыз осы қарқынымен жүлде қорын молайта береді деп сенемін, — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан осындай құрметке ризашылығын білдіріп, жанкүйерлер қолдауын ерекше сезінгенін жасырмады.- Бұл жалғыз менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындары болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемізді қайтарамыз – деді 54 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегер атанған Сабырхан Махмұд.Айта кетейік, екі жылда бір өтетін бокстан әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша аралығында Белград қаласында өтті. Аталған чемпионатқа әлемнің 105 мемлекетінен 650 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапынан 13 спортшы аттанып, құрама 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы