Базар жастарын бұқаралық спортқа баулу мақсатында «Базар жастар лигасы» өткізілді

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық- коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кеуенова Мөлдір Тұрсынбекқызы айтты.

Жастардың қаржылық және заңгерлік сауаттылықты арттыру мен жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында «Жас кәсіпкер» жобасы аясында базарларда және көлік жуу орындарында арнайы заңгер мамандарының қатысуымен 28 804 жасқа түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Жас кәсіпкерлердің мәртебесін көтеру мақсатында «Кәсіпкер күнделігі» жобасы аясында 82 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде таратылды.

Сонымен қатар, қала аумағындағы 9 ірі базардың жанынан жастар ұйымдары ашылып, олармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

«2023 жылы қаламызда алғаш рет Базар жастарын бұқаралық спортқа баулу мақсатында «Базар жастар лигасы» өткізілді. Қаламыздағы ірі сауда орталықтарынан, үлкен дүкендерден құралған командалар арасында футболдан ер балдар арасында 16 команда, қыздар арасында волейболдан 16 команда қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Аталған жобаға қаламыздан 400-ге жуық жас тартылды,» -деді Мөлдір Кеуенова.

Сонымен қатар, жас отбасылар мен жұмыс істеп жүрген жастардың рухани әлеуетін дамыту үшін және қолжетімді тұрғын үйді насихаттау бағытында 312 іс-шара ұйымдастырылып, шараға 29 697 жас қамтылған.

Жастар арасында отбасын құру және ұрпақ тәрбиелеу, зорлық-зомбылыққа қарсы ақпараттық психологиялық насихат жұмыстарын жүргізу бағытында «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту», «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», «Мерейлі отбасы», «Гендерлік саясат және қоғамдағы әйелдердің рөлі» тақырыптарында жобалар жүзеге асырылып, жыл соңына дейін шамамен 32 000 жасты қамту жоспарланып отыр.