Бүгінде әлеуметтік желіде егов қызметері,«Декретке миллионмен», жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендерге мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға көмектесітін мамандар қаптап кетті. Бұдан бөлек, заңды айналып өтудің түрлі жолдарын ұсынуда. Тұрғындар ойланбастан ЭЦҚ-сын бере салатын сәттер де жиі кездеседі. Мұның бірі сәтті аяқталып жатса, енді біреулері сан соғып қалып жатыр. Сонымен еш жерде тіркелмей, жұмыс істемей, ЕСП төлеп, декретке шығып, зейнетақы қорына ақша құйып, қайтарымсыз грант алуға бола ма? Бұл қаншалықты заңды? – Ntime.kz порталының мамандары жауаптылардан сұрап көрді.
Шымкенттік есепші Гүлмаржан Маратқызы, мұндай алаяқтарды жоққа шығармайды. Бірақ біріңғай жинақтық төлем төлеп оңай олжаға ие боламын деген қате пікір, дейді.
Біріңғай жинақтық төлемді тек декрет үшін істеу ол дұрыс емес. Ол заңсыз болады. Дегенмен, бұған құлақ аспайтындар да жиі кездеседі. Тіпті, бұл әрекеі табыс көзіне айналдырғандар көбеюде. Сол үшін арнайы курс дайындап, сатып жатады. Бір қызығы, сол курсты сатып алатындар саны да артуда. Кейбір адамдар қиналмай ақша тапқысы келеді. Жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргісі келеді, дейді Гүлмаржан Маратқызы.
Ал, заң саласының мамандары: «Бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды. Бастысы, әр жұмыс жасаған жеріңізде жұмыс беруші әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс төлеп тұрса болғаны. Сондай-ақ негізгі жұмыстан бөлек кәсібіңізді заңдастырып, ИП ашып, әлеуметтік төлемдер жасап, ол жақтан да декреттік төлем алудың заңға қайшылығы жоқ. Тек ескеретін бір жайт — кей мемлекеттік қызметкерлердің өз атына ИП ашуына рұқсат жоқ. Ал егер кәсібіңіз болмаса, тек декреттік төлем үшін ЖК ашудың қажеті жоқ. Тексерістен ұсталып қалып, жауапкершілікке тартылатындар да бар», дейді.
Елімізде биыл жыл басындағы көрсеткіш бойынша тіркелген жеке кәсіпкерлік саны бір жылда 8,5%-ға өскен екен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2023 жылдың басында Қазақстанда 1,6 млн жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сөйтіп, бір жылдағы шағын кәсіпкерліктің өсімі бірден 30,7%-ға артқан. Статистикадан соңғы жылдары ЖК ашып, шағын бизнес жүргізуге ынта білдіргендердің қарасы көбейгенін көруге болады. Бірақ биыл шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий күшін жойды. Бұған қоса, жалпыға бірдей декларация енгізіліп отыр. Сондықтан ЖК арқылы расымен кәсібін өрге сүйреп отырғандар мен тек уақытша мемлекеттен төлем алу үшін ЖК иесі атанғандардың әрекеті әшкере болуы мүмкін. Сондықтан үйде отырып ешқандай іспен айналыспаған қыз-келіншектер ЕСП төлеп, әлек болмаса болады. Одан қалды «декретте миллион теңгемен шығарамын» деп уәдені үйіп-төккен алаяқтардан сақ болғаны жөн, дейді жауаптылар.