Бүгін Тараз қаласында Меркі ауданының күндері өтті.
Аталған іс шараға облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев, Тараз қаласының әкімі Ержан Жұматұлы Жылқыбаев және бірқатар облыстың зиялы қауым өкілдері мен Тараз қаласының тұрғындары қатысты.
Меркі ауданының әкімі Руслан Маратұлы Нұрсипатов өңір басшысы мен қонақтарына аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін таныстырып өтті. Жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, яғни «Береке Даст» шаруа қожалығы 500 кг алма,«Меркі ет комбинаты» ЖШС бір тоннаға жуық ет, 600 келіге жуық көкөніс өнімдері,«Меркі сыр зауыты» өнімдері, «Меркі тау қымызы», меркілік бал өнімдері қала тұрғындарына саудаланды. Аталған тауарлар нарық бағасынан 15 пайызға жуық төмен бағада саудаланды.
Келесі кезекте ауданның спортшылары да қол күресі, таэквондо, асық ату сынды спорт түрлерінен шеберлік көрсетті.
Аудан басшысы Руслан Нұрсипатов қонақтарды аудандағы балалар шығармашылығын дамыту орталығының сурет көрмесін таныстырып, аудандық кітапхананың «Тәуелсіздік жылдары» атты экспозициясын көрсетті.
Сонымен қатар, көпшілік қауымға Меркі ауданындағы этномәдени орталықтардың дәстүрі мен өнері ұсынылды.
Ең алғаш болып халқымыздың салты мен дәстүрін айшықтайтын киіз үйдегі әжелер әнімен басталса, кейін өзбек, түрік, қарашай балқар, әзірбайжан және славян этномәдени орталықтардың ұлттық нақыштағы бұйымдары көрсетіліп, ән айтылып мен би биледі.
Меркі ауданы көп ұлттар тату тәтті өмір сүріп келе жатыр.Осы орайда,«Баласағұн» орталық концерт залының алдында «Достық» биі композициясы қонақтар мен көрермендердің назарына ұсынылып, алты этностың ұлттық билерінің поппуриі көрсетілді.
Бұл өнер композициясы киіз үйдегі «Құда түсу» ұлттық дәстүрімен жалғасын тапты.
Концерт залдың фойесінде аудан азаматтарының қолөнер көрмесі, аудандық өлкетану музейіндегі көне ғасырлық тарихи жәдігерлер, Сыпатай Әлібекұлының 240 жылдығы, Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арнайы жеке заттары мен мүсіндерінен көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, І-ІІІ ғ. ғ Қола тайқазан, VI-VIIIғ. ғ. Балбалтастарда елді қызықтырмай қоймады.
Меркі ауданы тауының самалы мен табиғатының тамашасы көпшілікті өзінің көркімен, емдік қасиеті бар орындарымен көпшілікті таңқалдырып келеді. Көрмеде «Меркі Родон» шипажайының да заттары қойылды.
Сондай-ақ, ауданда «Еңбек» бағдарламасы аясында бизнес бастаумен кәсібін айналдырып жүрген кәсіпкерлердің ұлттық нақыштағы құрақ көрпе мен қыз жасауы да ұсынылды.
Аудан күндері мерекелік бағдарламамен жалғасып, аудандық өнерпаздардың жанды дауыстағы концерті ұсынылды.
Меркі ауданы күндері аясында өткізілген іс шараларға облыстың басшылығы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары өз ризашылықтарын білдірді.
Меркі ауданы әкімдігі