Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдап, кедергісіз қоғам қалыптастыру мақсатында республикалық деңгейде үлкен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Жобалар мен іс-шаралардың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдық ортаға бейімделіп, қарым-қатынас жасай алуына ықпал етері сөзсіз. Осындай іс-шараның бірі Шымкентте өтті. Қаламызда тимбилдинг форматында өткен жарысқа тірек-қимыл аппараты бұзылған, зағип және есту мүшелері зақымданған 70-ке жуық мүгедектігі бар азамат қатысты. Ойыншылар шахмат, шашка және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен жарысты. Әрқайсысының спортқа деген ынта-қызығушылығы орасан.
Қатысушылар арасында Шымкент қаласының нөмірі 19-шы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің спортшылары да болды. Мақсат — ерекше жандардың белсенділігін арттырып, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету.
Спорттық сайыс «Сізбен біз біргеміз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскербек Оспановтың бастамасымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушыға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мен Шымкент қаласы спорт басқармасы қолдау білдірген.
Жеке және командалық біріншіліктердегі жеңімпаздар медаль, кубоктар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматарды мемлекет тарапынан қолдау жалғасып, жағдайлар әлі де жасалына береді деп сенеміз.
Тимбилдинг барысында сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жарысқа қатысушылар «Түркістан сарайының» «Берік пен Гүлнар» дуэты және әнші Тәттімбет Керейдің өнерлерін тамашалады.