Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Қазір жастар арасында синтетикалық есірткі көп тараған. Осы дерттің алдын алу үшін құқық қорғау органдарына тапсырмалар жүктелген. Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері Жастар ресурстық орталығымен бірге нашақорлықтың және АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мақсатында кездесу өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты — нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып жастарды спортқа баулу.
Басқосуға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Серғали-Түркістан РҚБ жоба үйлестірушісі Ержан Әбуталиев, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» алдын алу бөлімінің мұғалімі Назира Жургенбаева, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Нуршат Тулебаева, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Нурбаев, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Қазақстан Республикасының 2 дүркін чемпионы Бексултан Алжанов пен Тастан Үсенбай, Жастар ресурстық орталығының маманы Айжарқын Қалмурзаева және Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенттері қатысты.
Кездесу барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. Сонымен қатар сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шара барысында сала мамандары нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталды. Сонымен қатар, есірткіден бойды аулақ салудың маңызын, салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді.