Шымкентте инфрақұрылымды дамыту басты назарда                                                

Шымкент қаласында инфрақұрылым саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, табиғи газбен, электр қуатымен, ауыз сумен қамту, көгалдандыру мен абаттандыру бағыттарына басымдық беріліп отыр.
Мәселен, Шымкент қаласы Қаратау ауданда өткен 2022 жылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылы да Қаратау ауданы аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 34 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілмек.
Мұнан бөлек өткен жылы 22 көшенің бойына су алу қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйе жүргізілді. Биыл тағы 8 көшеге ирригациялық жүйелер тарту жоспарланған.
Еңбекші ауданында қалаға жаңадан қосылған Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Биыл толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2022 жылы Еңбекші ауданында 9 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында электрмен қамтылса, биыл 5 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.
Ал, Әл-Фараби ауданына тоқталар болсақ, өткен 2022 жылы Сәуле шағын ауданы мен Текесу елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде ауданда ауыз су мәселесі толығымен шешіліп отыр. Оған қоса өткен жылы Ақтас-2 елді мекені мен 195 орамда газ құбыры тартылды. Ал, биыл 276-шы орамда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр.
Өткен жылы Шымкент қаласы Абай ауданында Ынтымақ-2 шағын ауданының батыс бөлігі сапалы электр қуатымен, Асар-2 шағын ауданы ауыз сумен, Ынтымақ шағын ауданы мен Көкбұлақ тұрғын алабы табиғи газбен және Самал-3 шағын ауданы кәріз жүйесімен қамтылды.
Жаңадан құрылған Тұран ауданында Ақтас және Жаңаталап елді мекендерінің аумағы 2022 жылы толығымен газдандырылды. Биыл Айкөл елді мекеніне табиғи газ құбыры тартылады деп жоспарланған.