Шымкент қаласының экологиялық жағдайын жақсарту және тазалық мәдениетін арттыру мақсатында Нұртас шағынауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Шараға 400-ден астам қызметкер мен 25 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде аумақтан 46 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сенбілік барысында тұрғын үйлердің аулалары, орталық көшелер, арық-атыздар және көпшілік жүретін орындар толықтай тазартылды. Арнайы техникалардың көмегімен жиналған тұрмыстық қалдықтар полигондарға шығарылып, жасыл аймақтар ретке келтірілді. Бұл жұмыстар қала тұрғындарына таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
Қала әкімдігі мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – тек қоқыс жинау емес, сонымен қатар тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықпен қарау және қоғамдық орындарды таза ұстау мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Себебі қала тазалығы ең алдымен әр азаматтың саналы көзқарасына байланысты.
Сенбілікке қатысқан қызметкерлер мен еріктілердің белсенділігі аумақтың тазалығына ғана емес, тұрғындардың да ынтымақ пен ұйымшылдық танытуына үлгі болды. Қатысушы жастардың бірі Айман Әлиханова: «Таза қалада өмір сүру – бәріміздің арманымыз. Мұндай сенбіліктер адамдарды біріктіріп қана қоймай, жауапкершілікке үйретеді», – дейді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, барлық шағынаудандар қамтылатын болады. Айта кетейік, Шымкентте соңғы уақытта экологиялық мәдениетке айрықша көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері бірнеше рет сенбіліктер ұйымдастырылып, ондаған тонна қоқыс жиналды. Бұл шаралар шаһардың көркін арттыруға, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Аталған шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бастама қала тұрғындарының санитарлық-экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Қалалық әкімдік алдағы уақытта да сенбіліктерді тұрақты түрде өткізіп, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырмақ. «Таза қала – әрбір тұрғынның ортақ міндеті» деген ұстаным аясында жүзеге асырылып отырған бұл бастамалар Шымкенттің абат әрі жайлы мегаполиске айналуына жол ашады.