Шымкентте экологиялық акция аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

Тазалық бар жерде береке бар. Шымкентте 16 қыркүйек «Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2023)» жыл сайынғы экологиялық акциясы өтті. Дүниежүзілік «World Cleanup day 2023» акциясына қатысуымыз елімізді әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде «Жасыл экономика” қағидатын және 2030 тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі баршаңызды бастаманы қолдап, акцияда белсенділік танытуға шақырады.

 «Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2023)» экологиялық акциясының мақсаты – тұрғындарды кешенді тазалық шараларына жаппай жұмылдыру. Бүгін Шымкентте экологиялық акция аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін тазалық күніне түрлі саланың қызметкерлерімен қатар, қала тұрғындары өз үлестерін қосып жатыр.

Сенбінің таңы атысымен қаламыздың көшелеріне экологиялық жағдайға немқұрайлы қарамайтын мыңдаған адам шықты. Солардың бірі — қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері де бұл бастамаға қолдау білдіріп, Нұршуақ шағынауданы маңындағы тасжолдың бойын тазартуға атсалысты.

Сенбілік барысында өздеріне бекітілген аумақта санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Жол жиектерін, арық-атыздарды тазалап, күл-қоқыстарды жинады.

Қала аумағындағы тазалық жұмыстарына 103 мыңнан астам адам қатысып, 744,2 м3 қоқыс шығарылды. Кәсіпкерлер, еріктілер мен жастар, қала тұрғындары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері белсенділік танытып, аумақтарды қоқыстан тазартты. Сенбілікке 96 арнайы техника жұмылдырылып, 344,79 шақырым жолдар тазаланды.