Интернет ел тұрғындары үшін игі бастама болғанымен, оның игілігін алаяқтар әккі әрекеттеріне пайдаланып, талай адамды сан соқтырып кеткені жасырын емес. Тіпті, экранның арғы жағындағы адамға имандай сеніп, барын соның қалтасына өз еркімен салып жіберген. Соңғы уақытта интернет алаяқтық фактілері жиіледі. Қарапайым тұрғындардың тиындап жиғанын үптеп кететін қулардың көбіне айыбы ашылмай жататыны жасырын емес. Десе де құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел іске кірісіп, кейбірінің жолын кесуде.
Түркістан облыстық полиция департаментінің мамандарының сөзінше, Интернет алаяқтық қылмыстары екінші деңгейдегі банктермен тікелей байланысты. Статистикада көз жүгірсек аталған қылмыс түрлерінің жылдан жылға өсіп келе жатқанын көреміз. 2020 жылы – 225 қылмыс тіркелсе, 2021 жылы 474 қылмысқа артқан. Яғни, 110,7 пайызға өсіп отыр.
Әккі алаяқтардың айласы да әртүрлі. Интернет-алаяқтыққа қатысты істердің бір ерекшелігі – белгілі бір аумақты емес, бүкіл елге қатысты, тіпті, халықаралық көлемде жасалуы мүмкін.
Сонымен қатар микроқаржы ұйымдарының сайттары мен қосымшаларында тіркелу, верификация және қаржы аудару тәртібін қайта қарауды ұсынылып отыр. Себебі, алаяқтық әрекеттің бір бөлігі осыған қатысты. Интернет пысықайлары азаматтардың сауатсыздығын пайдаланып, олардың атынан банктердің мобильді қосымшасы арқылы тауарлық несиеге онлайн тапсырыс беруді де меңгеріпті. Расталған QR-кодты немесе СМС арқылы келген сандарды өзіне өткізіп алады. Кейіннен оны сауда дүкендерінде көрсету арқылы тауарды емін-еркін алып кетуде.
Ntime.kz