Түркістан қаласында «Қазақстан халықтарының тілдері күні» мерекесіне орай «Тілім менің — тірлігімнің айғағы» тақырыбында онкүндік шарасы ұйымдастырылды. Бұл шара Түркістан қаласы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің 2024-2025 оқу жылындағы жылдық жоспарына сәйкес жүргізіліп, қаладағы білім мекемелерінің мұғалімдері мен оқушылары арасында тілдерді меңгеруге, дамытуға бағытталған жұмыстарды насихаттауды көздейді. Онкүндіктің ашылу салтанаты С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде өтті. Мұнда шараның негізгі жоспары таныстырылып, қатысушыларға бағдарламаның мәні мен маңызы баяндалды.
Онкүндіктің аясында ұйымдастырылған шаралар қатысушылардың тіл мәдениетін, білімі мен дарындылығын дамытуға бағытталған. Шаралардың бірі ретінде «Тілім менің — тірлігімнің айғағы» тақырыбында сырттай эссе жазу байқауы өткізілді. Бұл байқауға қатысушылар тарихи деректер мен тілдің байлығын дәлелдермен жеткізетін шығармаларын ұсынды. Эссе жазу арқылы оқушылар өз ойларын, қазақ тілінің маңыздылығын, оны дамытудағы өз жауапкершілігін көрсетті. Әр эссе тарихтан, мәдениеттен, әдебиеттен алынған мысалдармен толықтырылып, тілдің халықтың мәдени мұрасы ретіндегі рөлін түсінуге көмектесті.
Сонымен қатар, білім сапасын арттыруға арналған әдіс-тәсілдер тақырыбындағы TEDx форматындағы мұғалімдер арасындағы байқауда әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті. Мұғалімдер заманауи оқу әдістемесін пайдаланып, сабақтың тиімділігін арттыру жолдарын қарастырып, оқу барысында қолданылатын жаңа әдіс-тәсілдерді таныстырды. Мұндай тәжірибе алмасу оқыту процесінің тиімділігін арттырып, педагогтардың кәсіби біліктілігін дамытуға мүмкіндік береді.
7-8 сынып оқушылары арасында «Мен көп тілді білемін» тақырыбындағы мәнерлеп оқу байқауы да өткізілді. Бұл байқауда оқушылар түрлі тілдерді меңгергендігін көрсете отырып, өз қабілеттерін паш етті. TED Talk форматындағы мәнерлеп оқу барысында оқушылар өз пікірлерін ашық айтып, тілдерді меңгерудің маңыздылығын атап өтті. Әр оқушы өз өнерімен ерекшеленіп, тыңдармандарға жаңа көзқарас ұсынып, тілді үйренудің қажеттілігін дәлелдеді.
Онкүндік шарасы барысында өткізіліп жатқан байқаулар мен іс-шаралар, әр қатысушының тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді. Бұл сияқты іс-шаралар жастардың тілге деген қызығушылығын, ұлттық мәдениетке деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Түркістан қаласының білім беру мекемелері мен педагогтары, оқушылар, ата-аналар бұл онкүндікте белсенділік танытып, білім мен мәдениет, тіл және дәстүрді сақтауға өз үлестерін қосып келеді.
Тілдерге арналған онкүндік шарасы еліміздегі тілдік әртүрлілікті сақтап қалуға, жастардың тілді меңгеру деңгейін арттыруға, сондай-ақ, ұлттық мәдениетті дәріптеуге септігін тигізеді. Бұл іс-шаралар тілдерді дамытуға, оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Онкүндіктің нәтижесінде қатысушылар тек тіл меңгеру ғана емес, сондай-ақ, ұлттық болмыс пен мәдениетімізді сақтап, дамытуға да үлес қосатынына сенім бар.