Жұмыс істейтін жастар мен тұрмысы төмен отбасылар үшін 1264 баспана сатып алу жоспарланған

отбасылар

Шымкентте тұрғын үй саласына қатысты ақжолтай жаңалықтар бар. Шымкент қаласының әкімі Сыздықбеков Ғабит те жылдың басындағы жұмыстарын дәл осы саладан бастады.Наурыз мейрамы қарсаңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылған «2-10-20» және «5-10-20» мемлекеттік тұрғынүй бағдарламасы шеңберінде 115 жанұя несиелік баспаанаға қол жеткізді. Оның барлығы көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасылар, мүгедектіктің I және II тобына жататын тұрғындар, бюджеттік немесе мемлекеттік мекемелердің қызметшілері мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар. Олар бүгінде жаңадан құрылған «Тұран» шағынауданында өз пәтерлерінде күн кешіп жатыр. Тағы бір айта кетерлік ақпарат – биылғы жылдың алғашқы 2-3 айында үй кезегіндегі алты жүзден аса азамат ипотекалық үйдің кілтін алған. Оның 200-ге жуығы «2-10-20» 300-ден астамы «5-10-20» және қалғаны «5-20-25» бағдарламасымен ипотека рәсімдеген. Жалпы, биыл Шымкент қаласында көлемі 239 мың шаршы метрді құрайтын, 300-ға жуық пәтері болатын 73 тұрғынүй құрылысы жүргізіледі. Олардың екеуі «Тұран», 38-і «Бозарық», 33-і «Ақжайық» шағынаудандарында бой көтереді деп жоспарланған. Оның төртеуі жалдамалы пәтер болса, қалғаны несиелік санатқа жатады.

 Құрылыстың бұл қарқынына ел Президентінің халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасы ықпал етіп жатыр деп айта аламыз. Сондай-ақ, қала әкімдігі 2024 жылдың соңына дейін Президент тапсырмасына сәйкес 1900 жанұяға арендалық пәтер берілетінін мәлім етті. Оның 449-ы тұрмыстық жағдайы төмендерге, 351-і баласы көп жанұяларға, 200-і жетім немесе ата-ана қарауынсыз қалған жасөспірімдерге және 900-і қызмет ететін жастарға берілмек. Ал былтыр сатып алу құқығынсыз жалға бері бойынша 1867 баспана табысталған екен.

Шымкент қаласында аталған салаға қатысты қызметтердің заман талабына сай автоматтандыру жұмыстары да ретке келтірілген. Дәлірек айтсақ, kezekte.kz порталы арқылы үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою, тұрғынүй беру қызметтері атқарылып, кезек реттілігі, үй алушылар, кезектің алға жылжуы – бәрі-бәрі ашық түрде жарияланады. Сонымен бірге, қала әкімдігі тарапынан жасақталған комиссия шешімімен үй берілген немесе тіркелген азаматтар жайлы ақпарат әкімдік сайты мен жергілікті басылымдарда жарияланады. Бұл тұрғынүй саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жасалған жүйе. Естеріңізде болса, жыл басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлын арнайы қабылдап, өткен жылы атқарылған жұмыстар, мегаполистік әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму бойынша есебін тыңдаған болатын. Сол кезде қала басшысы 2023 жылы көлемі 1 миллион шаршы метрден асатын баспаналар ел игілігіне берілгенін мәлім еткен еді. Ал, 2024 жылы жетпістен аса нысанның құрылысы жүргізіліп, оның көлемі 207 мың шаршы метрден асатын 66-сы аяқталатыны белгілі болды. Тиісінше, бір жыл көлемінде 2670 баспана өз иелеріне үлестірілмек. Қалған нысандардың құрылысы келер жылға өтпелі. Олар – «Ақжайық» шағын ауданында салынып жатқан көлемі 30 мың шаршы метрден асатын жеті бірдей тұрғынүй кешені.

Биыл Шымкент қаласының тұрғындарына берілетін баспаналар мұнымен біткен жоқ. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы бюджетте 22,7 миллиард теңге бөлініп, жұмыс істейтін жастар мен тұрмысы төмен отбасылар үшін 1264 баспана сатып алу жоспарланған. Нарықтан сатылып алынатын үйлердің тоғыз жүзі қызмет етіп жүрген жастарға берілсе, қалғаны әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататындарға үлестіріледі. Осылайша биыл Шымкент қаласында бірнеше мың адам жаңа қонысқа жайғасып, нәтиже өткен жылдардағы көрсеткіштен де жоғары болмақ. «Шымкентте тұрғынүй саясаты тиімді іске асырылып келеді» дегеніміз де сондықтан.