Түркістан облысы Полиция департаментінде өзге әріптестері «шені жоқ офицерлер» атап кеткен бөлім бар. Себебі мұндағы қызметкерлер аптаның 7 тәулігінде 24 сағат бойы үздіксіз қызмет атқарады. Бұл ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі, яғни баспасөз қызметі.
Күнделікті жұмыс барысы қарбаласқа толы бөлімді 1 жылдан бері жас та болса, бас болған, білікті басшы Гүлнар Абдужаппарова басқарып келеді. Өзінің қызметке адалдығы, жауапкершікті жоғары дәрежеде сезінуі, берілген тапсырманы тиянақты атқарудағы қасиеттерімен ерекшеленетін бөлім бастығының соңынан еріп келе жатқан қызметкерлері де осал емес. Бөлімнің басым көпшілігі қыз-келіншектер болғандықтан, «8 наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі» қарсаңында, Полиция департаментінің оң имиджін қалыптастыруда жанын сала еңбек етіп жүрген аруларды мейрамдарымен құттықтаймыз.
Полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысын БАҚ-қа таратып, ішкі және сыртқы коммуникацияны дұрыс бағытта орнатып, халық пен полиция, журналистер арасында «Алтын көпір» болуда атқарып жатқан қызметтеріңізге абырой тілейміз. Тәртіп сақшыларының жақсылығын жазуда қаламдарыңыз мұқалмасын! Баршаңыздың шығармашылықтарыңыз биік шыңды бағындыра берсін!