Рамазан айының қарсаңында жаңа мешіт ашылды

мешіт

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында Ақсукент ауылында (Жаңақұрылыс аумағы, Әйтеке би тас жолы бойында) сыйымдылығы 300 адам болатын «Ләтіп ата» мешіті ел игілігіне есігін айқара ашты.

Мұнарасы алыстан менмұндалайтын мешіттің ашылу рәсімінде ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан қажы Сматбекұлы, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш, ардагер ақсақал Аманкелді Қабылбеков және Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов алғы сөз алып, ақжарма тілектерін арнады. Ал ауыл тұрғыны Ердәулет Сұлтан демеуші азаматқа халықтың атынан тұлпар мінгізіп, иығына шапан жапты.

Алла үйінің ашылу салтанатына Қызылорда, Қарағанды, Теміртау, Ақмола аймақтарынан бөлек, Өзбекстаннан арнайы қонақтар қатысып, құрылысы небәрі 7 айда аяқталған мешіт үйінің ішкі-сыртқы көріністерімен танысты. Сондай-ақ, бұл имандылық ордасының бой көтеруіне ықпал жасаған жеке кәсіпкер, меценат, Ләтіп атаның немересі Мұрашимов Мұрат Раушанбекұлына шынайы алғыстарын білдірді.

Ел бірлігін бекемдеу мақсатында негізі қаланған құлшылық үйінің салтанатты рәсімінен соң, бабалар рухына Құран бағышталды. Және жиналған жамағат Жұма намазды жаңа мешітте оқыды.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі