Отырар ауданында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылында 25 қазан — Республика күні қарсаңында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Құлшылық ордасының ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жаңа мешітті тұрғызуға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

“Аллаға шүкір, елімізде мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жер бетінде мешіт салса, Алла Тағала ол пендесіне жәннаттан сарай тұрғызады» — деген. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» — деп тілек білдірген бас мүфти мешітке қасиетті Құран кітабын тарту етті.

Қарақоңыр ауыл округінде жалпы 3129 халық тұрады. Ауыл округіне қарасты Ш.Қалдаяқов елді мекеніндегі «Қарақоңыр» мешіті ауыл тұрғындарының өтінішіне орай ауылдың тумасы, елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Әбдімәжит Сыздықбековтың бастамасымен қайта тұрғызылған болатын.

Жиынға келген ауданның зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Жиыннан соң ауыл тұрғындары мен қонақтарға арналған ақ дастархан жайылып, өмірден өткендердің рухына арналып Құран оқылды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі