Шәкірт жүрегіне енген ұстаз – ең аяулы, ең қадірлі жан. Бұл барша ұстаз қауымына арналған. Оның ішінде, әсіресе сынып жетекшісін ерекше атауға болады.
Сынып жетекші – мектептегі негізгі оқу – тәрбие жұмысын ұйымдастырушы тұлға. Оқушы үшін мектептегі басты тұлға. Сыныптың қандай болмағы жетекшінің ұйымдастыру қабілетіне байланысты болғандықтан, оған қойылар талап та жоғары. Осы тұрғыда, жас ұрпақты тәрбиелеу барысында озық іс-тәжірибесімен танылып жүрген ұстаздарды анықтау мақсатында арнайы байқау ұйымдастырылуда.
Биылғы оқу жылында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауы басталған болатын.
Байқау алғаш рет «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіліп, тәрбие жұмысының тиімді әдістері мен инновациялық тәсілдерін анықтауға және қолдауға бағытталған.
Үш кезеңнен тұратын жарысқа барлық орта білім беру ұйымдарының сынып жетекшілері қатыса алады.
Мақсаты – педагогикалық шеберлікті жетілдіру және сынып жетекшілерінің шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру.
Байқаудың әр кезеңінде қатысушыларға бейнеролик форматында шығармашылық сынып сағатын көрсету, ата-аналармен өзара іс-қимыл жүйесін ұсыну, өзін-өзі таныстыру, өз жобаларын қорғай отырып, педагогикалық қызметте әртүрлі жағдайларға талдау жасау талаптары қойылған.
Осы орайда, ағымдағы жылдың қыркүйек айында аудандық білім беру ұйымдарынан аудандық кезеңінен іріктелген 3 сынып жетекші облыстық кезеңіне қатысып, бақтарын сынады.
Байқауда әр сынып жетекшісі тәрбие жұмысында ұстанатын бағыты мен озық тәжірибесін ортаға салды. Қатысушылар өздерінің педагогикалық идеяларының маңыздылығын, жаңашылдығын, басқа әдіс-тәсілдерден ерекшелігін көрсетумен қатар, балаларды тәрбиелеу, дамыту және оқыту мәселелерінде ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетті.
Байқау қорытындысымен, №74 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сеитова Рахия Асқарқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Расулова Маржан Расулқызы, сонымен қатар №67 Көмешбұлақ жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Қуанышбекова Әсел Нұрғалиқызы үшінші жүлделі орынды иеленді.
Байқауда өздерінің ұстаздық шеберліктерін таныта білген ұстаздарға тоқталып өтсек, он жылға жуық педагогикалық тәжірибесі бар, педагог—сарапшы санатындағы Р.Сеитова 4-сыныпқа жетекшілік етеді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында бастауыш сыныптарда әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыс жасайды. «Ашыған көже» тақырыбындағы ғылыми жобасы бойынша ІІ орынды еншіледі. Байқаудың шарттарына сәйкес, сынып жетекші «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Құмар ойындары – тәуелділік қақпаны» тақырыбындағы ұйымдастырылған тренинг сабағының және «Қауіпсіздік сабағы» бойынша сынып сағатының дайындаған видеороликтері болды.
Аталған білім ордасында жеті жыл көлемінде жемісті еңбек етіп келе жатқан жас маман М.Расулова 8-сынып оқушыларына екі жылдан бері жетекшілік етеді. Білікті де, білімді педагог аталған салада бірқатар жетістікке жеткен. Біліктілік санаты – педагог-модератор. Пәндік сайыстар мен олимпиададан бірінші және үшінші жүлделі орындардан көрінген. Сынып жетекшілердің қатысуымен өткен байқауда мұғалім «Қауіпсіздік сабағы», «Еңбек түбі — береке» атты ата-аналарды педагогикалық қолдау жобасы, «Әкелер мектебі» жобасы аясында өткізілген тренинг сабақтың, сондай-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының шеңберінде «Буллингтан қорған» тақырыбы бойынша өткізген сынып сағатының видеороликтері мен презентацияларын ұсынды.
Келесі жас ұстаз Ә.Қуанышбекова білім ошағында 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 10 сынып оқушыларына жетекшілік етеді. Зерек те, ізденімпаз ұстаз ұлттық құндылықтарды насихаттау сағаты, «Мектеп, оқушы, ата — ана: үштік одағы» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы, «Досбол Like» жобасы аясында жасөспірімдермен жүргізіп жатқан тәрбие жұмыстарын таныстырды.
Осылайша, елеулі еңбектерімен жетістікке жеткен үздік ұстаздарымызды марапаттарымен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Еңбектеріңіз жана берсін, шәкірттеріңіз оза берсін!
Айта кетелік, қорытынды жұмыстар білім беру саласындағы сарапшылар тарапынан педагогтердің кәсіби және қоғамдық қызметі негізінде бағаланатын болады. Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен марапатталады, ал бас жүлдегерге ведомстволық награда тапсырылады.