Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және су ресурстарын басқарудағы жүйелі жұмыстар

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және су ресурстарын басқарудағы жүйелі жұмыстар

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы, су ресурстары және инфрақұрылым мәселелері аудан әкімінің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып отыр. Аудан әкімі Арман Сабитовтың тікелей бастамасымен және бақылауымен ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан бірқатар жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Аудан басшысы Ақсукент пен Ақсу ауылдарын аралау барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз көзімен көріп, тиісті сала жетекшілерінен нақты есеп алды. Әсіресе, ауыл ішілік жолдар, инфрақұрылым желілерінің жай-күйі, заңсыз құрылыстардың алдын алу, көгалдандыру мен санитариялық жағдай ерекше назарға алынды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететіні белгілі.

Аудан орталығындағы «Ынтымақ» гүлзары мен «Мәртөбе» алаңдарында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысымен танысқан әкім, бұл нысандардың ауыл келбетін жақсартудағы маңызын атап өтіп, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ауыл халқы үшін жайлы қоғамдық кеңістіктердің болуы – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі.

Сонымен қатар, аудан әкімінің жұмыс кестесіндегі тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығын дамыту. Мал ұстауға, егін егуге және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге қажетті жайылымдық және егістік жерлердің әділ бөлінуі, жер қатынастары саласындағы ашықтық пен тиімділік – әкімдік тарапынан жіті бақылауда. Бұл бағытта жер кадастр бөлімдерімен бірлесе отырып, артық және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару арқылы ауыл тұрғындарының игілігіне жарату жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Сондай-ақ, өңірдегі су тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы су көздерін тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігін алға тартты. Су – тіршілік көзі ғана емес, ауылдың экономикалық тірегі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілмек.

Аралау барысында аудан әкімі жауапты өкілдерге әр басталған істі сапалы аяқтауды, тұрғындармен кері байланысты күшейтуді және әрбір жобаның халық игілігі үшін қызмет етуі керектігін ескертті. Мұндай жүйелі жұмыстар Сайрам ауданының ауылдық әлеуетін арттыруға, жергілікті шаруашылықтарды нығайтуға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосары сөзсіз.

Аудан халқы тарапынан да оң пікірлер айтылып, ауыл өміріне серпін беретін бастамаларға қолдау білдірілуде. Ел сенімін арқалаған басшылықтың осындай нақты істері – Сайрамды тұрақты дамудың жолына бастайтыны анық.