Сайрам ауданында бейнебақылау камералары арқылы 850-ден астам құқықбұзушылық анықталып, 5 қылмыс ашылған

Бүгінде Сайрам ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында, 30-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Атап айтсақ, бейнебақылау камералары Ақсукентке кіреберіс жолдар, көше қиылыстары мен қоғамдық орындарға қойылған. Яғни, қоғамдық тәртіп тәулік бойы сақшылардың назарында. Одан бөлек жыл басынан бері аудан орталығында орын алған 5 қылмыстың ізін суытпай ашуға дәл осы бейнебақылау жүйесі ықпал етті. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 3 айы ішінде барлығы аталмыш камералармен 870 әкімшілік құқықбұзушылық анықталса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бейнекамералар көмегімен 3779 әкімшілік құқықбұзушылық белгілі болған.Мәселен, ақпан айында үйінен шығып, қайта оралмаған кәмелет жасқа толмаған балалар дәл осы бейнекамералардың көмегімен ізін суытпай, тәулік ішінде табылып, отбасымен қауышты. Кезекші бөлімінің бастығы полиция полковнигі Аманжол Алибеков: «Әкімшілік құқықбұзушылықтардың ішінде көбіне автокөліктердің жаяу жүргіншілер жолағында жол бермеуі, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерде жолдан өтуі, автокөліктерді рұқсат етілмеген жерге қою және маневр жасау ережелерін бұзу кездеседі. Жол қиылыстарында орнатылған бейнекамералардың 360 градусты толық қамтитын қабілеті бар. Сонымен қатар бейнежазбалар ұзақ уақытқа дейін сервер жадысында сақталады», -деп атап өтті. Осы тұста құрметті Сайрам ауданының тұрғындары, әр құқықбұзушылыққа төзбеушілік – тәртіп пен бейбіт өмір бастауы екенін ұмытпайық. Сіздерді жол қозғалысы ережесін және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамыз. Бір ғана құқықбұзушылықтың өзі орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін екенін ескертеміз.

ТО ПД баспасөз қызметі